Солтүстік Қазақстан облысында тағы бір шенді парамен ұсталды. Облыстық полиция госпиталінің бастығы Олжас Есенеев ақша алу кезінде қолға түсті, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.
Әлеуметтік желілерде тараған хабарламада Олжас Бірімжанұлы 300 мың теңгені алу кезінде ұсталды деп көрсетілген. Оны маусымның 30-ы күні кешкі сағат 21:15-те Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен полиция департаментінің өзіндік қауіпсіздік басқармасының қызметкерлері пара алып жатқан жерінде қолға түсірген.
Ақпаратты облыстық полиция департаменті растап отыр.
«Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің өзіндік қауіпсіздік басқармасы лауазымдық өкілеттігін асыра пайдалану фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізуде», — деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметі.
Олжас Есенеев – ортопед дәрігер, анестезиолог-реаниматолог. Қарағанды мемлекеттік медициналық университетінің түлегі. Аталмыш қызметке 2022 жылы маусым айында тағайындалды.
Тағы оқыңыз: Елімізде шілдеден бастап дәрі-дәрмек, темекі, автогаз қымбаттайды