Солтүстікқазақстандық полицейлер мен табыншылар батпаққа батып бара жатқан түйені құтқарып қалды. Сондай-ақ нақ осы жерден бір жыл бұрын жоғалған павлодарлықтың «ангус» тұқымды бұқасы да табылды, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.
Оқиға Уәлиханов ауданында болған. Жоғалған жылқыларды іздеп жүрген учаскелік инспектор Серік Әмірбеков пен табыншылар Сілетітеңіз көліндегі аралға жетіп, батпаққа батқан түйені көреді. Олар бірден жануарды құтқаруға кіріседі.
«Түйенің батып тұрғанына біршама уақыт болған. Сондықтан полиция қызметкерлері мен табыншылар жатып қалған түйенің аяқтарын тартып, батпақтан шығарып алды. Жақын маңда ботасын ерткен тағы бір түйе жүрді. Олардың иесі Астана қаласында тұрады екен. Учаскелік инспектор оған бірден хабарласты. Бірақ ол жануарларды алып кетуден бас тартқан», — делінген облыстық полиция департаменті ұсынған ақпаратта.
Нақ осы жерде жоғалған жылқылар да жүрген. Сондай-ақ «ангус» тұқымды бұқа табылды. Кейін оның Павлодар облысының тұрғынына тиесілі екені анықталды. Ол бір жыл бұрын жоғалып кеткен екен. Мал иесі бірден өз түлігін алып кетіп, полицейлер мен табыншыларға алғысын білдірді.
Айта кетейік, наурыздың 11-інен өңірде «Мал ұрысы» жедел-профилактикалық іс-шарасы басталған.
«Қазір полицияның барлық бөлінісі мал ұрлығы фактілерінің жолын кесу және оларды ашу бойынша күшейтілген түрде жұмыс істеп жатыр. Іс-шараның алғашқы екі күнінде ветеринария саласындағы заңнаманың 18 бұзушылығы және жануарлардың еркін жайылымда жүруінің 50 дерегі тіркелді», — деп хабарлады СҚО ПД бастығының бірінші орынбасары Асқар Мұхаметқалиев.
Тағы оқыңыз: СҚО-да Наурыздың алғашқы күні – Амал мерекесі тойланды