СҚО-да полицей екі адамды өлім аузынан аман алып қалды. Оқиға орын алған кезде ол еңбек демалысында жүрген, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Шілде айында полиция майоры Ерлан Қазиев еңбек демалысында болды. Тиісінше, ыстық күндердің бірінде Новоишимское ауылындағы жағажайға демалуға барған. Сол сәтте көмек сұраған дауысты естіген.
Полицей оқиға орнына жедел жеткен. Суға батып бара жатқан әке мен баланы көріп, бірден құтқаруға әрекет етеді. Алдымен мектеп жасындағы баланы судан алып шықты. Содан соң орта жастағы ер адамның жағаға жетуіне көмектесті.
Тәртіп сақшысының игі ісі кездейсоқ әңгімеден ғана белгілі болды. Ол бұл оқиға туралы жар салып, ешкім айтпаған. Айта кету керек, Ерлан Қазиев Ғ.Мүсірепов аудандық полиция бөлімінің арнайы және жұмылдыру даярлығы басқармасында қызмет етеді.
Тағы оқыңыз: 12 тамыз – әлем және Қазақстан тарихындағы маңызды оқиғалар