Солтүстік Қазақстан облысында полиция қызметкері дер кезінде әрекет етіп, зейнеткердің интернет-алаяқтардың құрбаны болуына жол бермеді. Оқиға Петропавл қаласындағы сауда үйлерінің бірінде болған, деп жазады Qazaqstan Media.
Сауда нүктесінде кезекшілік атқарып жүрген СҚО ПД Жедел-қимыл әрекет ету жасағының қызметкері терминал жанында абыржып тұрған егде жастағы ер адамды байқайды. Әңгіме барысында 63 жастағы қала тұрғыны белгісіз біреу қоңырау шалғанын айтқан. Өзін банк қызметкері ретінде таныстырған. Қарияның атынан несие рәсімделіп жатқанын айтыпты. Алаяқтықтан сақтану үшін азаматты ақшасын «қауіпсіз шотқа» аударуға көндірген.
«Полицей шұғыл түрде «102» нөміріне хабарласып, азаматқа банк қосымшасы арқылы есепшоттарын тексеруді ұсынды. Нәтижесінде ешқандай несие рәсімделмегені анықталып, қаржыны аударуға жол берілмеді. Оқиға орнына келген жедел тергеу тобы зейнеткермен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, алаяқтардың әрекетіне тосқауыл қойды»,- деп хабарлайды СҚО ПД баспасөз қызметі.
Полиция қызметкерлері азаматтарға банктер немесе құқық қорғау органдары телефон арқылы қаржы аударуды талап етпейтінін ескертеді. Мұндай жағдайда бірден банкпен немесе «102» нөмірі арқылы полицияға хабарласуға кеңес береді.
Тағы оқыңыз: Қадағалау органы облыстық ТЖД-ның жұмысын сынға алды