Жаңа жыл мерекесі қарсаңында Солтүстік Қазақстан облысында пиротехникалық бұйымдарды заңсыз сату мен қолданудың алдын алу бағытындағы бақылау шаралары күшейтілді. Тексерістер барысында отшашуларды заңсыз сатқан 10 адамға әкімшілік хаттама толтырылды, деп жазады Qazaqstan Media.
«Пиротехника» республикалық акциясы аясында облыстық Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері полиция органдарымен бірлесіп рейдтік іс-шараларды тұрақты түрде жүргізіп келеді. Мақсат – тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жазатайым оқиғалардың алдын алу және талапқа сай келмейтін пиротехникалық өнімдердің айналымға түсуіне жол бермеу.
Акция басталғалы бері 10 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 500 мың теңгеге жуық айыппұл салыныпты. Заңсыз сатылған пиротехникалық бұйымдар айналымнан алынған.
Мамандардың айтуынша, сертификатталмаған немесе дұрыс қолданылмаған пиротехника адам өмірі мен денсаулығына үлкен қауіп төндіреді. Әсіресе балалар мен жасөспірімдердің қолына қауіпті бұйымдардың түсуі ауыр салдарға әкелуі мүмкін.
СҚО ТЖД өкілдері рейдтік іс-шаралар алдағы күндері де жалғасатынын айтып, азаматтарды тек рұқсат етілген сауда орындарынан ғана пиротехника сатып алуға және оны нұсқаулыққа сай пайдалануға шақырады.
Тағы оқыңыз: СҚО спорты: Жыл қорытындысы жария етілді

