Солтүстікқазақстандық оқушылар үшін Ілияс Жансүгіров оқулары ұйымдастырылды. Бұл республикалық сайыстың өңірлік кезеңі. Оған аудан мен қала мектептерінен 40-қа жуық бала қатысты, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.

Қазақ әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі, ақын, драма, проза мен поэзияны тең алып жүрген қаламгер  – Ілияс Жансүгіров. Оның шығармашылығы көп қырлы, алуан сырлы. Қандай тақырыпқа қалам тербесе де ел қамы, халық тағдыры, ұлттың болмыс қасиеті оның туындыларына арқау болған. Оның қаламынан туған «Күй», «Дала», «Күйші», «Құлагер» сияқты он беске жуық көлемді поэма бар. Прозалық шығармаларының ішіндегі көлемдісі — «Жолдастар» романы.  Осындай тау тұлғаның  шығармаларын жастар арасында насихаттау, оқушылардың шығармашылық қабілеттерін, табиғи дарындарын анықтау үшін екі жыл қатарынан Ілияс Жансүгіров оқулары өткізіледі.

«Оқулар мемлекеттік тілде өтеді. Ережеге сәйкес байқауда бес номинация бойынша үздіктер анықталады. Бірінші — «Ілияс-эпик ақын» шығарманы жалғастыру номинациясы, екінші -«Жаз! Жаз! Қалам, жорғалап» жас ақындар номинациясы. «Ілияс –қарасөз шебері» көркемсөз оқу және «Сұлу сөздің сүлейі» шығарманың көркемдік құрылысын талдау номинациясы бар. Сонымен қатар, заман талабына сай «Заманның заңғар тұлғасы» — буктрейлер номинациясы. Соңғысында балалар бейне презентация арқылы Ілиястың шығармаларын талдап, оларды оқуға шақырады. Бұл жерде қатып қалған қағида жоқ. Жасанды интелектті де қосуға болады», — дейді ұйымдастырушы, «Қызылжар дарыны» КММ әдіскері Нұрлан Садықов.

Биылғы оқуға аудан мен қала мектептерінен 39 оқушы қатысуға ниет еткен. Таңдаған номианциясында жоғары ұпай жинап, бірінші орын алғандар республикалық сайысқа жолдама алатын болады. Жеңістен Тимирязев ауданынан келген Нұрсая  Рысдәулет те үмітті. Абай, Мағжан оқуларына қатысып бағын сынап көрген тоғызыншы сынып оқушысы, буктрейлер бағытын таңдапты.

СҚО-да оқушылар арасында Ілияс Жансүгіров оқулары өтті

«Мен Ілияс Жансүгіровтың «Күң өлімі» шығармасын алдым. Себебі, ол шығарма жайында ешкім біле бермейді. Көпшілік «Құлагерді» таңдайды. Сондықтан мен ерекшеленгім келді. Ол әйел затының жалшылық, күңдік өмірін суреттейді. Ол шағын шығарма болғанымен, айтар ойы, мазмұны терең. Мен жасаған видеомды ютубқа жүктедім. Көпшілікті осы әңгімені оқуға шақырамын», — дейді Нұрсая Рысдаулет.

Ілияс Жансүгіров оқуларына сегізінші сыныптан жоғары оқитын балалар қатыса алады.

Тағы оқыңыз: СҚО-да студенттер 13 келі қалдықты қайта өңдеуге жіберді

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *