Енді солтүстікқазақстандықтар мен өңір қонақтары музейлерді тегін аралай алмайды. Өйткені, мәдени ошақтарға кіру қайтадан ақылы болып отыр. Бұл туралы QM тілшісінің сауалдарына жауап берген облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив істері басқармасының басшысы айтты.
Өңір музейлеріне тегін кіру үрдісі осыдан алты жыл бұрын ұйымдастырылған болатын. Сол кездегі облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың тікелей тапсырмасы бойынша, облыстағы барлық музейлер келуішлерге тегін қызмет көрсетіп келген. Бірақ, 2025 жылдың ақпан айынан бастап мәдени ошақтарды аралау үшін ақша төлеу керек. Облыстық деңгейдегі музейлердің билеті ересектер үшін – 300 теңге, студенттер – 200 ал балалар — 100 теңге төлеуі тиіс. Ал аудандық музейлерге кіру құны ересектер үшін – 200, студенттер үшін – 100, ал балалар үшін – 50 теңгені қүрайды. Бес жасқа дейінгі балалар мен мүгедектерге музейге бару тегін. Зейнеткерлер үшін әр айдың 10, 20-сы күні кіру тегін.
«2018 жылдан 2024 жылға дейінгі кезеңде музейлердің материалдық-техникалық базасы тек ішінара 20% — ға жаңартылды. Бұл ретте қалған мүлік моральдық тұрғыдан тозған. Облыстық бюджеттен бөлінген қаражат тек коммуналдық және музейлерді күтіп ұстау және олардың жұмыс істеуі жөніндегі өзге де қызметтерге ақы төлеуге бағытталған», — деп нақтылады өз жауабында СҚО мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Санат Әубәкіров.
Басышлықтың айтуынша, қосымша қаражат музейлердің қызметін дамытуға және олардың келушілер үшін тартымдылығын арттыруға мүмкіндік береді. Ақылы қызмет көрсету есебінен экспозицияны жаңарту, экспонаттарды қалпына келтіру, материалдық-техникалық базаны нығайту жоспарланған.
Қазіргі кезде облыста төрт мемлекеттік музей, сегіз филиал жұмыс істейді. Айта кету керек, музейлерге тегін кіру тек Солтүстік Қазақстан облысында ғана қолданылды. Басқа аймақтарда ол тәжірибе музей акциялары, музейлердегі түн сияқты белгілі бір күндерде ғана болған.
2024 жылы облыс музейлеріне 94 663 адам барыпты. Халықтың ең көп баратын орны — облыстық өлкетану музейі екен.
Тағы оқыңыз: СҚО-да Ауған соғысы ардагерлеріне арналған шара өтті