Солтүстік Қазақстанда шенеунік тұрғынға сапалы мемлекеттік қызмет көрсетпегені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы мемлекеттік қызмет істері агенттігінің СҚО бойынша департаментінің мамандары хабарлады, деп жазады Qazaqstan Media.
Жыл басында мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыстық департаментіне Астана қаласының тұрғыны жүгінген. Мемлекеттік қызметшілердің кесірінен екі мәрте сәулет-жоспарлау тапсырмасын ала алмаған ол мемлекеттік органның жұмысына шағымданды.
«Шағымды қарау нәтижелері бойынша, департамент негізсіз бас тарту фактісін анықтады. Сондай-ақ құжатта жобаланатын объектінің дұрыс аталмағанын көрсетпеген. Бұл мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тартуға себеп болды. Осылайша, қызмет алу кезінде бюрократия орын алған», — дейді ҚР мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы Ержан Қарымсақов.
Сондай-ақ, Қызылжар аудандық сәулет, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі көрсетілетін қызметті алушымен бас тарту туралы алдын ала шешім бойынша тыңдау рәсімін өткізбеген. Бұл үрдіс азаматқа өз ұстанымын білдіруге мүмкіндік береді. Осылайша, өтініш берушінің құқықтары бұзылған.
Осындай заң бұзушылықтарға жол берген Қызылжар аудандық сәулет, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Ал департаменттің араласуынан кейін азамат сәулет-жоспарлау тапсырмасын алды.
2024 жылы департамент жер қатынастары, ауыл шаруашылығы, әлеуметтік қамсыздандыру, жылжымайтын мүлік сияқты салаларда 12 азаматтың құқығын қалпына келтірді.
Тағы оқыңыз: Петропавлдағы саябақта асылып тұрған келіншектің денесі табылды