Облыста жаңа оқу жылы қарсаңында әлеуметтік осал отбасылардан шыққан оқушыларға қолдау көрсету мақсатында дәстүрлі «Мектепке жол» акциясы жалғасуда. Акцияның басты мақсаты – әлеуметтік себептермен балалардың мектепке бармауының алдын алып, аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға материалдық көмек көрсету. Биылғы жылы облыс бойынша осындай көмекке мұқтаж 8706 оқушы анықталды, деп жазады Qazaqstan Media.
2025 жылы осы мақсатта жалпы 402,5 миллион теңге көлемінде қаражат қарастырылған. Оның ішінде әр оқушыға берілетін біржолғы жәрдемақы мөлшері – 46 228 теңге. Ата-аналар бұл көмекті алу үшін тиісті құжаттарды ұсынуы қажет.
Бүгінгі таңда 6136 оқушы жалпы сомасы 283,6 миллион теңге көлемінде көмек алды. Қаражат ата-аналардың арнайы шоттарына аударылды. Бұдан бөлек, демеушілердің қолдауымен 893 балаға жалпы 1,1 миллион теңге көлемінде мектеп формасы, кеңсе тауарлары және басқа да қажетті заттар берілді.
Жергілікті билік пен демеушілердің қолдауымен жүзеге асып жатқан бұл шара – балалардың толыққанды білім алуына жасалған маңызды қадам. Акция оқу жылы басталғанға дейін жалғасады.
Тағы оқыңыз: СҚО-да 33 оқушы жаңа оқу жылы қарсаңында «AMANAT» партиясынан көмек алды