Солтүстік Қазақстан облысында 164 педагогтың орны бос тұр. Оның ішінде Петропавл қаласындағы білім беру мекемелеріне 39 маман қажет, деп хабарлайды Qazaqstan Media.

Облыстық білім басқармасының QМ редакциясының арнайы сұрауына берген мәліметіне сәйкес, өңірде ең көп жетіспейтін мамандық – математика пәні мұғалімі. Өңір мектептеріне 25 математик қажет, оның төртеуі Петропавл қаласында жетіспейді.

«Облыс мектептерінде 18 орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі жетіспейді. Сондай-ақ жеті физика, алты химия, төрт бастауыш сынып мұғалімі қажет. 13 педагог-психолог пен әлеуметтік педагогтың орны бос», – деп мәлімдеді ведомствоның баспасөз қызметі.

Айта кетейік, ЖОО-ны енді ғана бітірген жас мұғалімнің орташа жалақысы Петропавлда 222 мың теңгеден сәл асады. Ал ауылдық жерлерде бұл көрсеткіш 263 мың теңгені құрайды. Тәжірибелі ұстаздардың орташа еңбекақысы облыс бойынша 331 мың теңге, ал Петропавлда шамамен 299 мың теңге.

Облыс орталығындағы мектептерде ең көп сұранысқа ие мамандық – әлеуметтік педагогтар. Жеті орын бос тұр.

«Бастауыш сынып мұғалімдерінің төрт бос орны бар. Орыс тілі мен әдебиеті, физика және бейнелеу өнері пәні мұғалімдеріне екі орыннан бөлінген. Сонымен қатар, музыка пәні мұғалімі, шет тілі мұғалімі және аға тәлімгер қажет», – деп толықтырды білім басқармасының өкілдері.

Белгілі болғандай, облыс орталығындағы білім беру мекемелері кәсіби бағдар берушілер, педагог-психологтар, дефектологтар және педагог-ассистенттерге де мұқтаж.

Қазіргі таңда өңірде 242 зейнеткер ұстаз жұмыс істейді. Мектеп директорларының 30-ы зейнет жасында. Жалпы, Солтүстік Қазақстан облысында орта білім беру саласында 9468 мұғалім еңбек етеді. Оның ішінде Петропавлда – 2214 педагог, оның 40-ы – шебер педагог.

Тағы оқыңыз: Петропавлда Пестрое көлі маңын абаттандыру  қарастырылып жатыр

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *