Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері ішімдік ішіп алып, рөлге отырған автобус жүргізушісін ұстады. Ол елді мекендер арасында жолаушылар тасымалымен 18 жылдан бері айналысып келген, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.
Оқиға Айыртау ауданында болған. «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында тексеріске шыққан патрульдік полиция батальонының қызметкерлері екі елді мекен арасын жалғайтын автобусты тоқтатқан. Сол сәтте жүргізушіден спирттік ішімдіктің иісі қатты шыққан. Медициналық куәландыру оның орташа дәрежеде мас екенін көрсетті. Абырой болғанда, автобус салонында жолаушылар болмаған. Жүргізушіге қатысты әкімшілік шара қолданылды.
«Жалпы, «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында СҚО-да 174 мас жүргізуші анықталды. Тоғыз мыңға жуық түрлі құқық бұзушылық тіркелген. Полиция қызметкерлері барлық жол қозғалысына қатысушыларды жол ережелерін қатаң сақтауға шақырады – бұл жолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз етудің ең сенімді жолы», — деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметі.
Тағы оқыңыз: Петропавлда мас болған ауыл әкімі ұсталды