Солтүстік Қазақстанда соңғы бес айда 40 келі есірткі тәркіленіп, үй жағдайында жұмыс істеген тоғыз есірткі зертханасы жойылған. Марихуана тасымалдаған алты азамат ұсталды. Бұл туралы есірткі бизнесінің алдын алу және онымен күрес бойынша жұмыстарының қорытындысын жариялаған полицейлер хабарлады, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.
2025 жылдың алғашқы бес айының қорытындысын шығарған тәртіп сақшылары, марихуана тасымалымен айналысқан алты азаматтың ұсталғанын жеткізді. Олар елдің оңтүстік өңірінен өсімдік тектес есірткі жеткізуді ұйымдастырған. Ер адамдардан 20 кг марихуана тәркіленді.
Жалпы жыл басынан облыста 139 есірткіге қатысты құқық бұзушылық тіркелген. Заңсыз айналымнан 40 келіден астам есірткі заттары алынды. Оның ішінде 3,5 келіден астам синтетикалық есірткі, 33 келі марихуана, үш келі қарасора, сондай-ақ гашиш, каннабис шайыры және трамадол бар.
«Талдау барысында синтетикалық есірткі өңірімзіге еліміздің басқа аймақтарынан, негізінен Астана, Алматы қалаларынан, Ақмола және Павлодар облыстарынан жеткізілетіні анықталды. Қабылданған шаралардың арқасында есірткі тасымалының төрт арнасының жолы кесілді», — деді СҚО ПД бастығының бірінші орынбасары Асқар Мұхаметқалиев.
Биыл сәуір айында «Оңтүстік» бекетінде 26 жастағы ер адам басқарған «Daewoo Nexia» көлігі тоқтатылған. Тінту барысында одан шамамен 500 грамм синтетикалық есірткі және 100 грамм каннабис шайыры тәркіленді. Ер адам интернет-дүкен үшін синтетикалық есірткі тасымалдап келген. Оның үстінен қылмыстық іс қозғалып, күдікті қамауға алынды.
Тағы оқыңыз: Қазақстанда дәрі-дәрмек бағасы 30%-ға дейін төмендейді