СҚО-да кикбоксингтен Азамат Нұрпейісовті еске алу турнирі басталды
Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Петропавлда кикбоксингтен халықаралық дәрежедегі спорт шебері Азамат Нұрпейісовті еске алуға арналған 25-і турнир басталды. Дүбірлі дода биыл да кіл мықтыларды жиды, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Жарысқа қатысу үшін Қазақстанның түкпір-түкпірінен шаршы алаң шеберлері келген. Айта кету керек, жарыс үш күнге созылады. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер бағалы сыйлықтарға ие болады.
СҚО-да кикбоксингтен Азамат Нұрпейісовті еске алу турнирі басталды
«Бұл турнирге республикамыздың 11 өңірінен келген 100-ге жуық спортшы қатысады. Сайыста облыс намысын 30-ға жуық солтүстікқазақстандық қорғайды. Шаршы алаң шеберлері 2 санатта 12 салмақ дәрежесі бойынша сынға түседі. Азамат Нұрпейісов — кезінде атой салған бауырымыз. Оның құрметіне арналған турнирді жылда ұйымдастырамыз. Беделі жылдан-жылға артып келеді», — кикбоксингтен облыстың аға жаттықтырушысы Әділ Нұржауыпов.
Кикбоксшылар — аяқпен де, қолмен де соққы жасайтын әмбебап спортшылар. Турнирдегі әр кездесуді кірпік қақпай қарауға болады. Ортаға ең бірінші болып ақмолалық және алматылық спортшылар шықты. Жас кикбоксшылар арасындағы жекпе-жекке жоғары баға беруге болады.
Қос спортшы бір-біріне соққыларды 3 раунд бойы қарша боратты. Жұдырық жаққа да тиіп жатты. Алайда, жеңімпаз ұпай сандары бойынша анықталды. Бұл кездесуде 17 жастағы көкшетаулық Тимур Шариповтың мерейі үстем болды.
«Қарсыласым 60 келі салмақ үшін ірі деп ойлаймын. Қиын болды, басында бәсекелесім соққыларымды сезбегендей көрінді, бірақ шеберлігімнің арқасында жеңіске жеттім. Кикбоксингпен айналысып жүргеніме 4 жыл болды. Петропавлдан олжалы қайтқым келеді. Өз былтыр Қазақстан чемпионы атандым», — ақмолалық спортшы Тимур Шәріпов.
Кикбоксингтен халықаралық дәрежедегі спорт шеберін еске алуға арналған ХХV турнир сенбі күні мәресіне жетеді. Тартысқа толы кездесулерді Камиль Сафин атындағы бокс мектебіне барып, тамашалауға болады. Айта кету қажет, атақты жерлесіміз Азамат Нұрпейісов 2016 жылы ауыр дерттен көз жұмды. Қамшыдай ғана қысқа ғұмырда өшпес із қалдырды.