СҚО-да келер жылы үш ауысымдық оқыту және апаттық мектептер мәселесі толық шешіледі

Солтүстік Қазақстан облысында былтыр балабақшалар, мектептер мен жатақханалардың құрылысына 18 млрд теңге жұмсалған. Білім беру нысандарының көптеп тұрғызылуы өңірдегі қордаланған бірқатар мәселені шешпек.Яғни, 2025 жылға қарай үш ауысымды оқыту мәселесін шешіп қана қоймай, қазіргі апатты мектептерден толық арылуға, сондай-ақ 2 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі біліммен қамтуды ұлғайтуға мүмкіндік береді, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі «Қазақпарат» ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

СҚО 2023 жылы білім беру саласына 147 млрд 341 млн теңге бөлінген. Оның ішінде білім беру нысандарын күрделі жөндеуге 4 млрд 142 млн теңге, материалдық-техникалық базаны нығайтуға 3 млрд 958 млн теңге, жаңа нысандардың құрылысына 4 млрд 664 млн теңге жұмсалды.

«Өңірде үш ауысымды оқытуды болдырмау үшін жыл сайын мектеп құрылысы бойынша жобалар іске асырылып келеді. 2023 жылы білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры есебінен Тайынша қаласында 600 орындық мектеп құрылысы аяқталды. Жергілікті бюджет қаражаты есебінен Тайынша ауданы Вишневка ауылында апатты мектептің орнына 120 орындық мектеп құрылысы аяқталды. Сонымен қатар, Петропавлда 50 орындық жатын корпусы бар 300 орындық түзету мектеп-интернатының құрылысы жүргізіліп жатыр. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру аясында үш жыл ішінде 2700 оқушыға арналған 4 жайлы мектеп салынады», — деді облыстық қаржы басқармасының басшысы Наталья Дышкант.

Басқарма басшысының айтуынша, өткен жылы 1200 орындық 2 мектептің құрылысы басталды, биыл олар тапсырылуы қажет. Олар – Петропавлдағы «Орман» және «Береке» шағын аудандарында салынып жатқан 600 орындық мектептер. Осы мақсатқа Ұлттық қордан 4,1 млрд теңгеден астам нысаналы трансферттер бөлінді.

Биыл Тайынша ауданының Драгомировка ауылында апатты жағдайда тұрған мектептің орнына 120 орындық жаңа мектеп құрылысы басталады. Осылайша апаттық мектептер мәселесі толық шешіледі.

«Балабақшаларға кезектілікті қысқарту және балаларды ерте жастан мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтамасыз ету үшін 2023 жылы 140 орындық балабақша құрылысын бастауға облыстық бюджеттен 222,3 млн теңге бөлінді. 2024 жылы жобаны аяқтауға облыс бюджетінде тағы 1 млрд 113 млн теңге қарастырылған. Нәтижесінде 2025 жылдың соңына дейін Петропавл қаласы бойынша 2 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту 77%, облыс бойынша 93% жақсарады», — деді басқарма басшысы.

Жатақханалардағы орын тапшылығын шешу, сондай-ақ студенттерге неғұрлым қолайлы жағдай жасау үшін Петропавлдағы қызмет көрсету саласы колледжінің 244 орындық жатақханасының құрылысы аяқталды. Бұдан бөлек 1 444 орындық 2 студенттік жатақхананың құрылысы жүріп жатыр.

«Қазіргі уақытта СҚО-да студенттік жатақханаларда 3 129 орын қажет, оның 2 318-і университет үшін, 811-і колледждер үшін керек. Былтыр республикалық бюджеттен М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетіне 600 орындық екі ғимараттан тұратын жатақхана салуға 2 млрд 262 млн теңге бөлінді. Жыл қорытындысы бойынша қаражат толық игерілді. Жатақханалар 2024-2025 оқу жылының басында пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Биыл құрылысты аяқтауға 1 млрд 708 млн теңге бөлінді», — деді Наталья Дышкант.

Тағы оқыңыз:СҚО-да аутизм орталығына 253 бала кезекте тұр  

Please follow and like us:
Subscribe
Notify of
guest
0 комментариев
Oldest
Newest Most Voted
Inline Feedbacks
View all comments
0
Would love your thoughts, please comment.x
()
x