Солтүстік Қазақстан облысында кәсіподақ қозғалысының 120 жылдығы мен Жеңістің 80 жылдығына орай ерекше экологиялық шара өтті. ҚР Тұңғыш Президенті саябағында орналасқан кәсіподақ қозғалысы ардагерлерінің аллеясына 10 сібір шыршасы отырғызылды, деп жазады Qazaqstan Media.
Аталған аллея 2019 жылы ашылған болатын. Содан бері көктем мен күз мезгілдерінде көшет отырғызу дәстүрге айналған. Биылғы көктемгі акция да сол игі дәстүрдің жалғасы болды. Оған қоса ел көлемінде өтіп жатқан «Таза Қазақстан» экоакциясы аясында қолға алынған шаралардың бірі.

«Біз жылына екі рет — көктемде және күзде сібір шыршаларын отырғызамыз. Күзде тағы 35 шырша отырғызуды жоспарлап отырмыз. Себебі биыл Кәсіподақтар қозғалысының құрылғанына 35 жыл толып отыр. Ал бүгін 10 шырша отырғыздық», — деді Солтүстік Қазақстан облыстық Кәсіподақтар орталығының төрағасы Ерік Нұрақаев.
Шараға түрлі кәсіподақ ұйымдарының өкілдері қатысып, 28 сәуір — Дүниежүзілік еңбекті қорғау күні аясында еңбек адамына құрмет көрсетілді. Қазіргі таңда аллеяда жалпы саны 120 сібір шыршасы өсіп тұр.

Тағы оқыңыз: СҚО-да қаржы пирамидаларына қатысты үш қылмыстық іс тергелді