Солтүстік Қазақстанда нанның бағасын негізсіз өсірген кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы облыстық сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау департаментінің кезекті отырысында белгілі болды, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Белгілі болғандай, «Дроздова И.С» жеке кәсіпкерлігі «ПХБК» ЖШС-нен бірінші сұрыпты бидай ұнынан жасалған нанды сатып алып, оны 43,6% қымбат сатқан. Бизнесмен ӘҚБК 204-4-бабына сәйкес ескерту түріндегі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Егер бір жыл ішінде бағаны көтеру фактілері қайталанса, кәсіпкерлік субьектілеріне 10 АЕК көлемінде, орта кәсіпкерлік субьектілеріне 75, ал ірі кәсіпкерлік субьектілеріне 300 АЕК көлемінде айыппұл салынатын болады. Тексеру қорытындысы бойынша «Дроздова И.С.» ЖК 1 сұрыпты ұннан жасалған бидай нанының бөлшек саудадағы бағасын қолданыстағы заңнамаға сәйкес төмендету ұсынылды. Жалпы жыл басынан бері тауарлық үстеменің белгіленген мөлшерінен асып кету фактілері бойынша 19 материал қаралған. Нәтижесінде 15 факті бойынша кәсіпкерлік субъектілері әкімшілік жауапкершілікке тартылды.