Петропавлда кәмелетке толмаған балаларды бейімдеу орталығы ашылды. Нысан М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дың базасында орналасқан, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Мекеме ата-ана қамқорлығынсыз қалған немесе қиын өмірлік жағдайға тап болған жасөспірімдерге уақытша пана болады. Орталықтың тыныс-тіршілігімен облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов танысты. Аймақ басшысы әр кабинетке кіріп, атқарылған жұмысты жоғары бағалады.
Мекеме 28 балаға шақталған. Тәулік бойы жұмыс істейді. Мұнда 3 жастан 18 жасқа дейінгі ұл-қыздар келіп, үш ай бойы паналай алады. Орталықтағы білікті мамандар оларға жан-жақты көмек көрсетеді.
«Орталықта 7 жатын бөлмесі бар. Балалармен педагог-психологтар жұмыс істейді. Медициналық кабинет те қарастырылған», — деді кәмелетке толмаған балаларды бейімдеу орталығының директоры Қатран Казанов.
Ең бастысы, бұл жерге түскендер әлеуметтен ажырап қалмайды. Орталыққа мектеп мұғалімдері келіп, балаларға сабақ береді. Сонымен қатар, жасөспірімдердің спортпен айналысып, ойнауына да жағдай жасалған. Мекемеде барлығы -33 адам жұмыс істейді.
«Петропавлда мұндай орталық бұрын да болды. Бірақ, белгісіз бір себептермен 2019 жылы жабылып қалды. Мекемеге ата-ана құқығынан айырылған ерлі-зайыптылардың балалары келеді. Сот өткенше дейін олар осында болады. Сонымен қатар, психикалық ауытқушылықтары бар ұл-қыздар да қоғамға бейімделеді», — СҚО бойынша балалар, отбасы және әйелдер құқықтары жөніндегі уәкілі Сәуле Сұрағанова.
Бұрын жасөспірімдер уақытша Айыртау, Қызылжар, Мағжан Жұмабаев аудандарындағы өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларды қолдау орталықтарына апарылып жүрді. Айта кету керек, нысанды жөндеу және жабдықтау жұмыстарына облыстық бюджеттен 57 млн теңге қаржы бөлінген. Сонымен қатар, аймақ басшысы мекеме басшылығына су жаңа автокөліктің кілтін табыстады.
Тағы оқыңыз: Аяздың салдары ауыр: қала ауруханасына аяқ-қолдарын үсік шалғандар түсіп жатыр

