Солтүстік Қазақстанда III халықаралық суретшілер симпозиумы өтіп жатыр. Шараға түркі елдерінен келген суретшілер, этнографтар, тарихшылар және туризм мамандары келді. Сонымен қатар, ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ермек Көшербаев пен облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов мәдени шараның куәсі болды, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Айыртау ауданындағы Ботай қонысында халықаралық суретшілер симпозиумы өтіп жатыр. Шараға 10-ға жуық мемлекеттен суретшілер, этнографтар, тарихшылар және туризм мамандары арнайы келген. Шет елден келген қонақтардың ішінде Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан, Түрікменстан, Венгрия, Моңғолиядан келген қыл алам шеберлерін атап өтуге болады. Сонымен қатар Якутия, Татарстан, Башқұртстан және Қабардино-Балқариядан да бейнеушілер қатысып жатыр.
Қатысушылар ежелгі ботайлықтардың тұрмысымен танысып, аңшылық әдістерін, тұрғын үй үлгілерін, этнографиялық қойылымдарды көрді. Шараның басты ұйымдастырушыларының бірі — өңірге танымал профессор Анатолий Плешаков.

«Ботай мәдениетін зерттеп жүргеніме 56 жыл болды. Киелі қоныс – біздің дәуірімізге дейінгі IV–III мыңжылдықтарға жататын энеолит дәуірінің, дәлірек айтсақ, мыс-тас ғасырының бірегей ескерткіші. Дәл осы жерде адамзат алғаш рет жылқыны қолға үйретіп, көшпенді өмір салтының негізін қалаған»,-дейді профессор.
Симпозиум тек мәдени іс-шара ғана емес, бұл – сонымен қатар Түркі әлемі елдерінің ғылыми және рухани ынтымақтастығын нығайтатын шара. Мұндай ауқымды жоба Халықаралық түркі мәдениеті мен мұрасын сақтау қорының қолдауымен жүзеге асып отыр. Шараға ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ермек Көшербаев пен облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов қатысты.
«Ботай қонысының халықаралық деңгейде насихатталуы өңір туризмін дамытуға серпін бермек. Археологиялық ескерткіштер, табиғи ландшафттар, этнографиялық жобалар мен мәдени іс-шаралар шетелдік туристерді тартуға мүмкіндік береді. Біз облысымызда осындай киелі мекен бар екеніне мақтанамыз»,- деді СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов.
Халықаралық деңгейдегі суретшілер табиғат аясында тарихи орынды бейнеледі. Өңірдің тұмса табиғатын да қағаз бетіне түсірді. Шара қатысушылардың көңілінен шықты. Көненің көзін көрді, әсем суреттерге таңданыстарын қақты.

Қазақстанға үшінші рет келуім. Осы жолғы сапарым Ботай қонысында болғанына өте қуаныштымын. Мен өз туындымда археологтардан естіген дүниелерімді елестетіп салдым. Теріскейдің тұмса табиғатын да ұмыт қалдырмадым. Осы шараға қатысу, мен үшін — үлкен мәртебе», -деді Бурятия Республикасынан келген суретші Евгений Болсобоев
Тағы оқыңыз: Жаңа Салық кодексі кәсіпкерлер үшін тиімді ме?