Біз ата-бабамыз аңсап өткен «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған»заманда өмір сүріп жатырмыз. Бұл — елімізде тұрып жатқан 130-дан астам ұлт өкілінің бірлігі мен сыйластығының жемісі. Бұл бағытта әлі де ауқымды жұмыс атқарған жөн, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Осы мақсатта Петропавлда «Қазақстан бірегейлігін қалыптастыру және нығайту: Басшылардың біріктірудегі рөлі» атты форум өтті. Шараның шымылдығын облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов ашып, басқосудың маңыздылығына тоқталды.

«Әділдік пен билікке деген сенім тек алға жетелейді. Ал басшылар болса халықтың сеніміне ие болып, талмай еңбек ету қажет. Ата-бабамыз біз тәуелсіз болып өмір сүруіміз үшін аянбай еңбек етті. Олардың жолын ары қарай жалғастыру — басты міндет», — деді СҚО әкімі.
Тәуелсіз еліміздің басты құндылықтары — ұлтаралық татулық пен ынтымақтастық, ауызбіршілік пен тұрақтылық. Осылардың барлығын одан әрі нығайту, жоғалтпау — билік өкілдерінің басты міндеті. Бұл бағытта ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы мен Қазақстан халқы Ассамблеясы ауқымды жұмыс атқарып келеді.

«Академия 2011 жылдан бері мемлекеттік қызметкерлердің біліктілігін арттырып, бағыт-бағдар көрсетіп келеді. Бізден түлеп ұшқан атқамінерлер елдің дамуына сүбелі үлес қосуда. Бірнешеуі лауазымды қызметте еңбек етеді. Бұл — біздің жүйелі жұмыс істеп жатқандығымыздың дәлелі», — ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Азамат Жолманов.
Мемлекеттің ертеңіне алаңдамас үшін сенім артар жастар тәрбиеленуі тиіс. «Ел боламын десең бесігінде түзе» деп ата-бабамыз бекерден-бекер айтпаған. Ұрпақты тәй-тәй басқаннан адалдық пен жауапкершілікке тәрбиелеу үшін дана ақсақалдарымыздың ақылы ауадай қажет. Шараның соңында өңірдің дамуына, ұлтаралық келісімді нығайтуға зор үлес қосқан жандар марапатталды.
Тағы оқыңыз: Оқушылардың қысқы демалысы 10 күнге созылады

