Петропавлда жедел және кезек күттірмес медициналық жәрдем бригадаларының республикалық спартакиадасы басталды. Оған еліміздің 20 жедел жәрдем бригадасы қатысып жатыр, деп жазады Qazastan Media тілшісі.
Жедел жәрдем бригадаларының жарысы былтыр Семей қаласында өткен болатын. Ол сайыста солтүстікқазақстандық дәрігерлер бірінші орынды иеленген еді. Дода тәртібіне сай, жеңімпаздар биыл спартакиадаға қатысушыларды қарсы алып отыр.
Әр құрамада үш маман сынға түседі. Солтүстіктің командасында бір жедел жәрдем дәрігері мен екі көмекші фельдшер бар. Олар айға жуық халықаралық стандарттарды қайталап, дайындық жүргізген.
«Былтыр біздің құрама жеңіске жеткеннен кейін, биыл спартакиадаға қатысушыларды қарсы алып отырмыз. Өте қобалжып тұрмыз. Еңбек өтілім -17 жыл. Жарысқа бізді төрт халықаралық статусы бар жаттықтырушылар дайындады. Біз спартакаиада барысында түрлі тапсырмаларды орындаймыз. Оның ішінде адамдарға реанимациялық көмек көрсету, әйелді босандыру, нәрестеге реанимациялық алғашқы көмек көрсету сынды тапсырамалар бар. Барлық алғашқы көмек талаптарға сай болуы керек»,- дейді облыстық жедел жәрдем қызметінің дәрігері Ділмұрат Шавдунов.
Спартакиада талабына сай былтыр қатысқан мамандар биыл додада бақ сынмайды. Әрі тапсырмалар да өзгертіліп, қиындатылады. Себебі, технология мен медицина саласы дамып келеді. Сондықтан дәрігерлер барлық талаптарға сай болуы керек, дейді ұйымдастырушылар.
«Спартакиада жыл сайын ұйымдастырылып тұрады. Ол барлық стандарттарды бекіту үшін керек. Әрі мамандардың тәжірибесін арттырып, біліктіліктерін шыңдай түседі. Олар тапсырмаларды маникендерде де, адамдарға көмек көрсете отыра да орындайды. Спартакиада барысында төрт тапсырма болады. Олардың барлығы халықаралық тәжірибеде бар, талаптарға сай орындалуы тиіс. Біз жыл сайын тапсырмаларды қиындата түсеміз. Олар бір тапсырманы орындай отыра, толық оқиғадан шығу жолын іздестіреді»,- деп нақтылады ұлттық шұғыл медицна үйлестіру орталығының жетекшісі Ғұмырбек Ағыбаев.
Жедел жәрдем қызметкрелерінің спартакиадасы тамыздың сегізі мен оны аралығында өтетін болады.
Тағы оқыңыз:2027 жылға дейін СҚО-да жаңа сегіз полигон салынады