Балабақшаға баланы қабылдау үшін уақытылы, жасына сай барлық екпе болуы керек. Әйтпегенде бүлдіршін мектепке дейінгі мекемеге қабылданбайды. Солтүстікте осы себепті 80 бала балабақшаға рұқсат алмаған. Бұл туралы білім басқармасы Qazaqstan Media ресми сауалына берген жауабында жазды.
Облыстық білім басқармасының жауабына сүйенсек, жыл басынан 80 бүлдіршін балабқшаға қабылданбаған. Себеп-екпе жоқ немесе топтағы вакциянацияланбаған балалардың саны 10 пайызға жеткен. Еліміздегі талаптарға сәйкес, топтағы балалардың 90 пайызы вакцинацияланған болуы тиіс. Егер бұл межеден аз болса, келесі екпе алмаған бүлдрішін балабақшаға қабылданбайды.
«Indigo және InCraft электрондық бағдарламалары талаптар бұзылған жағдайда қабылдауды автоматты түрде жояды», — деп хабарлады СҚО Білім басқармасы.
Міндетті егулер ұлттық егу күнтізбесімен анықталады. Оларға туберкулезге, В гепатитіне, дифтерияға, көкжөтелге, сіреспеге қарсы вакцинация кіреді. Сондай-ақ полиомиелит, В типті гемофильді инфекция, қызылша, қызамық, паротит және пневмококк инфекциясы да бар.
Олар топтық иммунитетті қалыптастыруға мүмкіндік береді.
«Жаппай вакцинацияның арқасында қауіпті инфекциялардың таралу қаупін азайтуға және медициналық себептермен вакцинацияланбайтын балаларды қорғауға болады»-, дейді дәрігерлер.
Бүгінде Солтүстік Қазақстан облысында 448 мектепке дейінгі ұйым бар. Оның 429-ы мемлекеттік және 19-ы жеке. Балабақшаларда барлығы 15 170 бала тәрбиеленуде. Айта кету керек, өңірде балабақшаларда орын тапшылығы жоқ.
Тағы оқыңыз: «Қызылжар» ФК алдағы екі айда төрт-ақ кездесу өткізеді