СҚО-да екі жылдың ішінде жеті заманауи мектеп ашылған
Бұл — «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынған №28 жалпы білім беретін мектеп. Редакция тілшісі заманауи білім ұясының тыныс-тіршілігімен танысып қайтты, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
«Орман» ықшам ауданында орналасқан білім ұясында қазіргі таңда 700-ге жуық ұл-қыз оқиды. Биыл мұнда 9-шы сыныпқа дейін қазақ сыныптары ашылды. Шәкірттерге 40-қа жуық білікті ұстаз тәлім береді.
СҚО-да екі жылдың ішінде жеті заманауи мектеп ашылған
«Мұғалімдердің сапалық құрамына тоқталсақ, барлық педагогтардың 92 пайызы — штаттық құрамдағы мұғалімдер. Ал қалған 8 пайызы қосымша қызмет атқарады. Барлығы — білікті маман», — №28 жалпы білім беретін мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Роза Ажданова.
Мектеп 2 блокқа бөлінген. Оның бірінде кіші сыныптар білім алса, екіншісінде ересек балалар оқиды. Ұл-қыздар үшін 2 бірдей спорт залы салынған. Кітапхана мен асханада ақпараттық бақылау жүйесі орнатылған. Ол шәкірттердің тамақ ішкендігін немесе кітап алғандығын көрсетеді.
Мектепте түрлі үйірме жұмыс істейді. Мұнда домбыра, шахмат, үй мәдениеті шеберханасы, робототехника сынды қосымшалар бар. Қазір «STEM» зертханасындағы ұл-қыздар қалалық робототехника жарысына қызу дайындалуда.
«Қалалық жарыста біздің роботтарымыз бір-бірін сызықтан итеріп шығулары тиіс. Өзіме осы үйірме ұнайды. Бөлшектерден бір зат құрастырып шығу — өте қызық жұмыс. Жай ғана жинамаймыз, оларға арнайы бағдарлама енгіземіз. Сол арқылы құлтемірді басқаруға болады», — деді мектеп оқушысы Властилина Степановская.
Сондай-ақ, мектепте ерекше білімді қажет ететін 50-ге жуық бала оқиды. Мұнда оларға барлық жағдай жасалған. Арнайы логопед-дефектолог мамандар бар. Тынығу үшін сенсорлық бөлме де қарастырылған.
СҚО-да екі жылдың ішінде жеті заманауи мектеп ашылған
«2023-2025 жыл аралығында өңірімізде 7 мектеп қолданысқа берілді. Оның 4-еуі облыс аумағында орналасса, қалғаны қалада бой көтерді. Дегенмен, білім ұяларының жетіспеушілігі мәселесі әлі де өзекті болып отыр. Атап өтетін болсақ, мұндай түйткіл Петропавл қаласында, Ғ.Мүсірепов және Аққайың ауданында байқалады», — СҚО білім басқармасының бас маманы Айбарша Сәрсекеева.
Алдағы уақытта мәселе шешімін табады. Жоспар бойынша Петропавлда «Қопай» шағын ауданында мектеп салынады және заманауи білім ұясы Аққайың ауданындағы Белое ауылында да бой көтермек.