СҚО-да екі полицей қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапты. Тәртіп сақшылары жол-көлік оқиғасының салдарынан көз жұмды, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Жантүршіктірерлік оқиға Ғ.Мүсірепов ауданындағы «Чистополье – Шөптікөл» автожолында орын алды. «Chevrolet Cobalt» және «Toyota Camry» көліктері соқтығысып, рөл тізгіндеген жандар көз жұмды. Айта кету керек, екеуі да — қызметтік көлік.
Қазіргі таңда қайғылы оқиғаның мән-жайы анықталуда. Марқұмдардың жақындарына ҚР Ішкі Істер министрі Ержан Сәденов қайғыра көңіл айтты.
«Қызметтік борыштарын атқару кезінде жол-көлік оқиғасында қаза тапқан Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің учаскелік полиция инспекторлары полиция майоры Владимир Синицын мен полиция аға лейтенанты Дәулетхан Қазыханның туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтамын. Ішкі істер министрлігі қаза тапқан қызметкерлердің отбасына барлық қажетті көмекті көрсетеді. Қызметтік борышын атқару кезінде өмірі қиылған қызметкерлердің есімі ішкі істер органдарында мәңгі сақталады»,- деді ведомство басшысы.
Тағы оқыңыз: Петропавлдағы ҚР Ұлттық ұлан академиясының 200-ге жуық курсанты ант қабылдады