СҚО әкімінің орынбасары Нұрлан Кенесов құрылыс саласының өкілдерімен кездесті. Жиында тұрғын үй құрылысына бөлінетін қаржы үш есе артқаны мәлім болды, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Жиын өңірлік Кәсіпкерлер палатасының алаңында құрылыс салалық кеңесінің аясында өтті. Тараптар ағымдағы жылға арналған жоспарларды талқылады. 2026 жылы да, бұған дейінгідей, негізгі басымдық бюджеттік құрылысқа беріледі.
Облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Кенесовтің айтуынша, бұл бағытты қаржыландыру өткен жылмен салыстырғанда шамамен үш есеге өскен. Жиын барысында СҚО құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Қайролла Ғалеев сөз сөйледі. Оның мәліметінше, биыл өңірде, аудандарды қоса алғанда, тұрғын үй құрылысына 9,5 млрд теңге қарастырылған.
«Жақын арада төрт ауданда — Ғ. Мүсірепов атындағы, Шал ақын, Уәлиханов және Аққайың аудандарында тұрғын үйлер салу бойынша конкурстардың басталғаны жарияланады. Петропавл қаласында да жұмыстар жалғасады, оның ішінде Қопай шағын ауданындағы инженерлік инфрақұрылымды дамыту бар», — деді Қайролла Ғалеев.
Облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Кенесов биліктің нүктелік құрылыстан кешенді құрылысқа көшу ұстанымын атап өтті. Бұл тұрғындардың жайлылығын қамтамасыз етеді.
«Мен мұнда келгеннен бері үнемі бір сұрақ туындайды: неге біз еліміздегі ең суық қалалардың бірінде үйлерді автотұрақсыз салып жатырмыз? Бірден айтайын, біз нүктелік құрылыстан кешенді құрылысқа көшеміз. Онда коммерциялық үй-жайлар да, міндетті түрде жерасты автотұрақтар болуы тиіс. Біз ірі компаниялармен келіссөздер жүргізіп жатырмыз, олар нарыққа кіріп, тұрғын үй сапасының деңгейін көтеруі керек», — деп атап өтті ол.
Қопай шағын ауданында қала билігі төрт ипотекалық үй және реновация бағдарламасы аясында коммерциялық тұрғын үй салуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ 600 орындық мектептің құрылысы көзделген. Ал Оңтүстік және Бірлік шағын аудандарын болашақта игеруге қатысты басты мәселе — ЖЭО қуаттарының тапшылығы. Қазіргі таңда бөлек қазандықтар мен кәріз жүйелері жобалануда.
СҚО әкімінің орынбасары Нұрлан Кенесов қалалық құрылыс бөлімінің баяу жұмыс қарқынын сынға алып, инфрақұрылымдық жобаларды жеделдетпесе, бұл аудандарда көпқабатты құрылысқа қала тек төрт жылдан кейін ғана кірісетінін айтты.
Облыстық құрылыс басқармасының басшысы Қайролла Ғалеевтің айтуынша, шаһарда әлеуметтік осал санаттағы азаматтар үшін баспаналарға жыл сайынғы қажеттілік кемінде 100 пәтерді құрайды. Сатып алу бағасы — шаршы метріне 345 мың теңге.
«Егер бюджеттік құрылыс бойынша жұмыс істеуге ниеттеріңіз болса, біз әрдайым ынтымақтастыққа дайынбыз. 4 санат, ең қарапайым әрлеу, бірақ сатып алушы — әкімдік, яғни “сенімді”», — деді Қайролла Ғалеев.
Тағы оқыңыз: СҚО-да былтыр 81 адамнан қатерлі ісік аурулары анықталған

