СҚО бойынша тексеру комиссиясы былтыр миллиондаған қаржының тиімсіз жұмсалғандығын анықтаған. Бұл туралы облыстық мәслихатының сессиясына айтылды, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Облыстық мәслихаттың сессиясына қатысқан тексеру комиссиясының төрағасы Қайрат Сейтқожаев депутаттарға 2023 жылы бюджетінің атқарылуы туралы ақпаратпен бөлісті.
Тексеру комиссиясының бағалауы бойынша облыстық бюджеттің негізгі параметрлері орындалған.
«Облыстық бюджет түсімдері 468,8 млрд теңгені (2022ж. – 441 млрд теңге, өсім 6,3%) құрады. Облыстық бюджеттің шығыстары — 461,8 млрд теңге. бұл 2022 жылмен салыстырғанда 5,1% (439,6 млрд теңге) артық. Бірнеше рет нақтыланғанына қарамастан, орындалмаған қаржы сомасы 328,1 млн теңгені құрады, бұл өз кезегінде 2022 жылмен салыстырғанда 7,3 есе аз (2022ж. – 2,4 млрд теңге). 82,5 млн теңге игерілмей қалған. Ал 444,3 млн теңге бюджет қаржысы тиімсіз жұмсалған», — деді СҚО бойынша тексеру комиссиясының төрағасы.
2023 жылы аудиторлар 52 нысанда 12 тексеріс жүргізген. Аудитпен 100 млрд теңге қамтылды.
«Жүргізілген аудиттердің қорытындысы бойынша 54 ұсынымдар мен тапсырмалар берілді, олардың 46-сы орындалды. 241 адам жауапқа тартылды, оның ішінде қылмыстық – 4, әкімшілік – 180, тәртіптік – 57. 28 млн теңге сомасына айыппұл салынды», — деп көрсетілген облыстық тексеру комиссиясы ұсынған ақпаратта.
Тағы оқыңыз: Арман Шаққалиев: Жергілікті кәсіпкерлерге әрқашан қолдау көрсетіледі