Солтүстік Қазақстанда буллинг фактілері туралы жауапты органдарға хабарламаған екі мектеп директоры әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы облыстық прокуратурада өткен жиында айтылды, деп хабарлайды Qazaqstan Mediа.
Облыстық қадағалау органында өткен жиында жасөспірімдер қылмысы және қабылданып жатқан шаралар жайлы сөз болды. Биыл өңірде оқушыны жыныстық қатынасқа тартқан бір азамат ұсталды. Жаға ұстатарлық жағдай Шал ақын ауданында тіркелген. Сондай-ақ солтүстікқазақстандық екі жасөспірім өз-өзіне қол жұмсамақ болған.
«Қазір өңір мектептерінде буллинг фактілері туралы хабарлау үшін QR-кодтар орнатылған. Сондай-ақ олар оқушылардың кітаптарында да бар. Сол арқылы қысым көрген жасөспірімдер прокуратура органдарына тікелей хабарлама қалдыра алады. Жыл басталғалы осындай 13 өтініш келіп түсті. Ал былтыр 5 факті тіркелген болатын. Тағы бір айта кететін жайт, қазір жасанды интелект көмегімен балалардың эмоционалдық жағдайы тексерілмек. Мұндай жүйе өңірдегі алты мектеп пен бір балабақшада орнатылған. Яғни, баланың көңіл күйі болмай, агрессия пайда болса, онда мектеп психологына хабар беріледі. Кейін маман онымен сөйлесіп, анықтауы тиіс», — деді облыс прокурорының бірінші орынбасары Әбу-Әли Саттар
Сонымен қатар, буллинг фактілері туралы жауапты органдарға хабарламаған екі мектеп директоры мен бір мұғалім әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Тағы оқыңыз: СҚО-да шетелдік азамат мефедрон сатқан