Солтүстік Қазақстанда биыл көктемгі дала жұмыстары мерзімінен ерте басталды. Жалпы шаруалар 4,4 млн гектарға егін егуі тиіс. Көктемгі егіс жұмыстарының барысы және өңірдегі вегетациялық кезеңді өткізу туралы бүгін үкімет отырысында Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов баяндады, деп хабарлайды Qazaqstan Media.

Көктемнің басында қар жамылғысының ерте кетуі мен температураның тұрақты көтерілуі агрометеорологиялық жағдайды жақсартып, егіс жұмыстарын ерте бастауға мүмкіндік берді. Сәуір айының соңында бұршақ және майлы дақылдарды егу басталды. Биыл өңірде ауыл шаруашылығы дақылдары 4,4 млн гектар алқапқа егіледі деп жоспарлануда.
«Оның ішінде: дәнді дақылдар – 3,3 млн га, майлы дақылдар – 760 мың га, мал азығы – 392 мың га, картоп – 6,5 мың га, көкөністер – 1,3 мың га. Әртараптандыру аясында майлы дақылдардың егіс көлемі 85 мың гектарға ұлғайып, 760 мың гектарға жетеді. Қазіргі уақытта 273,2 мың гектарға немесе 6,5% алқапқа егіс жүргізілді, оның ішінде: дәнді-бұршақ дақылдары – 196,8 мың га, майлы дақылдар – 71,0 мың га», — деді Ғауез Нұрмұханбетов.
Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері 274,5 мың тонна тыңайтқышпен қамтамасыз етілген. 470 мың тонна кондициялық тұқым және 52,6 мың тонна элиталық тұқым дайындалған. Сорт жаңарту деңгейі – 11,2%. Егіс жұмыстарына 12,3 мың бірлік техника жұмылдырылып, олардың дайындығы 100% құрайды.
«Ерте қаржыландырудың арқасында диқандар егін егуге алдын ала дайындалды. «Кең Дала 1 және 2» бағдарламалары бойынша 70 млрд теңге қаржыландырылды. Өткен жылғы қарыздар бойынша берешек жоқ. «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы 11,2 млрд теңге қаржыландырылды, форвардтық сатып алуға 7,4 млрд теңге бөлінді», — деп атап өтті Солтүстік Қазақстан облысының әкімі.
Ал облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасындағылар дәнді дақылдардың жаппай егісі 15 мамырда басталады деп отыр. Ауа райы қолайлы болса, егіс науқанын 1 маусымға дейін аяқтау жоспарлануда.
Тағы көріңіз: Солтүстік Қазақстан облысында репродуктивті денсаулық апталығы өтуде