«Сіздің атыңызға несие рәсімделіп жатыр!». «Жеке деректеріңізге бөгде адамдар қол жеткізді!».Осындай үрей туғызатын хабарламалармен интернет-алаяқтар азаматтарды абдыратып, өз нұсқауларын бұлжытпай орындауға мәжбүрлейді. Бұл жағдай Петропавл қаласының тұрғынымен де болған. Ол бес миллион теңге ақшасынан айырылды, деп жазады Qazaqstan Media.

Тұрғынға WhatsApp мессенджері арқылы өзін Egov қызметкері ретінде таныстырған белгісіз адамдар қоңырау шалған. Оған жеке кабинеті бұзылғанын айтып, sms арқылы келген кодты айтуды талап еткен. Алаяқтардың айтуынша, бұл «деректерді нақтылау және банк қосымшаларына кіруді қалпына келтіру» үшін қажет болған.

Кейінірек жәбірленушіге өзін полиция қызметкері ретінде таныстырған тағы бір адам видеоқоңырау шалған. 27 жастағы азаматтың атына бірнеше банкте несие рәсімдеуге өтінімдер берілгенін айтыпты. Оларды «тоқтату» үшін дәл сондай өтінімдерді өзі рәсімдеп, алынған қаражатты «қауіпсіз шотқа» аудару қажеттігін жеткізген.

Алаяқтардың айтқанына сенген петропавлдық тұрғын барлық талапты орындап, нәтижесінде бес миллион теңгеден астам қаражатынан айырылған.

«Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізілуде. Ұрланған ақшаны тікелей алған дропперлердің шоттары бұғатталды. Қазіргі уақытта полиция олардың иелерін анықтап жатыр. Бұл жәбірленушіге келтірілген шығынды азаматтық тәртіппен өндіріп алу мүмкіндігін береді»,-деп хабарлады СҚО ПД баспасөз қызметі.

Полиция мәліметінше, жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысында 563 интернет-алаяқтық фактісі тіркелген. Оның 407-сі алаяқтардың нұсқауымен несие рәсімдеуге байланысты.

Құқық қорғау органдары ешбір ресми орган өкілі азаматтардан қаржылық операциялар жасауды, несие рәсімдеуді немесе ақша аударуды талап етуге құқылы еместігін ескертеді. 

Полиция интернет-алаяқтықтан қорғанудың тиімді жолы ретінде Egov порталындағы несиеден ерікті түрде бас тарту қызметін пайдалануға кеңес береді. Бүгінде бұл мүмкіндікті 255 мыңнан астам адам, яғни СҚО тұрғындарының шамамен 53,5 пайызы қолданған.

Қазіргі кезде Солтүстік Қазақстанда киберқылмысқа қарсы күрес күшейтілді. Іс-шарала «Заң мен тәртіп» қағидасы аясында жүзеге асырылуда. 

Тағы оқыңыз: Петропавлдың басты көшесінен шағын сауда киосктары мен балаларға арналған көліктерді жалға беру алынып тасталады

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *