СҚО-дағы Тайынша ауданына қарасты Зеленый Гай ауылында бүгінде 10-нан астам ұлт өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Олар бір-бірінің ұлттық мерекелерін тойлауды әдетке айнылдырған. Бірлігі жарасқан елді мекен халқымен Qazaqstan Media тілшісі сұхбаттасып қайтты.
Зеленый Гай ауылы 1936 жылы депортацияға ұшыраған түрлі ұлт өкілдерін қоныстандыру үшін құрылды. Сол жылдары Тайынша станциясына келген алғашқы эшелонда неміс және поляк халқы болған. Бастапқыда 11-ші нүкте деп аталған елді мекенге сол кезде 1600-ге жуық адам келді. Мұнда жер аударылғандардың арасында Ольга Туровскаяның ата-әжесі де болған. Оларды қазақ халқы құшақ жая қарсы алып, көмегін аямаған.
«Бұл жаққа біздің ата-әжелеріміз қазан айында келген. Сол себепті қазақтар оларға қолдарынан келгенше көмек көрсетіп, азық-түлік, киім-кешек, баспанамен қамтамасыз етті. Кейін 1937-ші жылы көктем келе салысымен барлық халық бірлесіп үйлер сала бастады. Одан соң мәдениет үйі, 2 мал фермасы салынды. Ауыл тұрғындары мал және егін шаруашылығымен айналыса бастады. Осындай естеліктерін үлкендер үнемі айтып отыратын», — деп ауыл тұрғыны Ольга Туровская естеліктерімен бөлісті.
Ольга Туровскаяның ата-анасы кейін Ресейге көшіп кеткен екен. Ольга Павловна сол жақта білім алған. Бірақ кейін жұмыс бабымен барған Зеленый Гай ауылының жігітін кездестіріп, тұрмыс құрған. Сөйтіп, ата-әжесі тұрған ауылға оралады.
«Бұл жерде тұратын халықтың барлығы да қонақжай. Жас болсам да білмегенімді үйретіп, қиналған кезімде жұбатқан жандар өте көп болды. Олардың ұлттары да әртүрлі. Осы жақта балаларым дүниеге келді. Қазіргі таңда немерелерімді бағып отырмын. Солтүстік Қазақстан облысы, Зеленый Гай ауылы менің екінші Отаныма айналды», — дейді Ольга Туровская.
Қазіргі таңда Зеленый Гай ауылында 2 мыңға жуық адам тұрады. Мұнда 10 түрлі ұлттың өкілі тұрады. Олар бір-бірінің ұлттық мерекелерін тойлатуды әдетке айналдырған. Бірлігі мен ынтымағы жарасқан ауылдың даму қарқыны да көз қуантады.