Солтүстік Қазақстанда жазасын өтеп жүрген қыз-келіншектер үшін ашық есік күні ұйымдастырылды. Бұл күні 91 сотталушы жақындарымен қауышты, деп жазады Qazaqstan Media.
Темір тордың ар жағында жазасын өтеп жүрген қыз-келіншектер үшін бұл ерекше маңызды күн болды. Әсіресе, бауыр еті балаларын екі жыл көрмеген ана сағынышын басты. Анасы қамауға алынғаннан кейін балалар жақын туыстары болмағандықтан, балалар үйіне орналастырылыпты. Оларды кездесуге мекеме қызметкерлері ертіп келген.
«Мекеме әкімшілігіне балаларымды көруге мүмкіндік бергені үшін шексіз ризамын. Бұл өте күтпеген жағдай болды, қызметкерлер мені балапандарым бар бейнероликті көру сылтауымен іс-шараға алып келді. Ал кейін олардың бөлмеге кіргенін көргенде, өз көзіме өзім сене алмадым. Бүгін мен ең бақытты анамын», – деді жазасын өтеуші.
Қазіргі уақытта түзету мекемесінде 300-ден астам әйел жазасын өтеп жатыр. Ашық есік күнінде 91 сотталушыға 300-ге жуық туысы келді. Оның 70-і бала. Жақындарын көруге келгендердің арасында Ақмола, Қостанай және Павлодар облысы мен Астана қаласының тұрғындары да бар.
Тағы оқыңыз: Ғ. Мүсірепов ауданының Возвышенка ауылында жаңа медициналық пункт қолданысқа беріледі