Солтүстік Қазақстанда аудандық полиция бөлімдерінің бастықтары ауысты. Кадрлық өзгерістер Жамбыл, Есіл, Шал ақын, Тимирязев және Ақжар аудандарында болды, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Аудандық полиция бөлімдерінің жаңа басшыларын жеке құрам мен аудан белсенділеріне СҚО полиция департаменті бастығы орынбасарының міндетін атқарушы Әбілғазы Ғабдуллин таныстырды.
Сөйтіп, енді Жамбыл ауданының полиция бөлімін Асылбек Тоқтамысов басқармақ. Ол осыған дейін Петропавл қаласы полиция басқармасы бастығының жедел жұмыс жөніндегі орынбасары болған. Бұл қызметте полиция полковнигі 2,5 жылдан астам уақыт еңбек еткен.
Ал Есіл ауданының полиция бөлімін бес жыл басқарған Ерлік Еслямбековтың орнына Руслан Мұхамбетжанов келді. Ол осыған дейін Шал ақын ауданының ПБ бастығы болған. Осылайша, тәжірибелі басшылар бірін-бірі алмастырған.
«Тимирязев ауданының полиция бөлімін Тілеген Әлжанов басқарады. Ол осыған дейін Петропавл қалалық ПБ бірінші полиция бөлімінің бастығы болған. Ал Ақжар ауданының полиция бөлімін енді Жанат Рахметов басқармақ. Полиция полковнигі 2023 жылдың тамызынан бастап Мағжан Жұмабаев ауданының ПБ бастығының бірінші орынбасары болған», — деп хабарлады облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Тағы оқыңыз: Биыл «Шалқар-Имантау» туристік аймағында 100 мыңнан астам адам демалды