Қыркүйек айында Солтүстік Қазақстан облысына белгілі аграрий, «Хуландой» ЖШС директоры Небиюла Сағындықов кәмелетке толмаған қызбен жыныстық қатынасқа түскені үшін 13 жыл алты айға бас бостандығынан айырылған болатын. Бірінші сатыдағы сот үкімімен келіспеген ол апелляциялық шағым түсірді, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Солтүстік Қазақстан облыстық сотында өңірге белгілі аграрий Небиюла Сағындықовқа қатысты қылмыстық іс бойынша апелляциялық шағым қаралды. 25 қыркүйекте СҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты бірнеше рет оқушы қызбен жыныстық қатынасқа түскен Небиюла Сағындықовты 13 жыл алты айға бас бостандығынан айырған еді. Үкіммен келіспеген сотталушы мен оның адвокаттары апелляциялық шағым түсірді.
Сот материалдарында оқиғаның 2021 жылдың наурызында басталғаны айтылады. Кейін 2022 жылдың жазында Сағындықов оқушы қызбен Петропавлдағы жалдамалы пәтерлерде бірнеше рет кездесіп, жыныстық қатынасқа түскен.
Апелляциялық шағымда сотталушының қорғаушылары жасөспірімнің сөзіне сенуге болмайтындығын айтқан. Өйткені, оқушы қыз екеуі кездескен жалдамалы пәтерлердің бірінде көрсете алмаған. Сондай-ақ оның анасы Сағандықовақа қарыз болған-мыс. Сондықтан ол жала жауып отыр.
«Сағындықов жасөспірімнің жасын білмеген. Ал олардың телефон арқылы сөйлесіп, хат-хабар алмасуы екеуінің арасында жыныстық қатынас болғанын дәлелдемейді. Сағындықов онымен өзге ауыл тұрғындарымен сияқты телефонмен сөйлесіп, хат-хабар алысқан. Және материалдық көмек көрсеткен. Сондықтан оның жасын, денсаулық жағдайын, сіңірген еңбегін, адамдарға деген жақсы қарым-қатынасын ескеріп, оған қатысты шығарылған үкімнің күшін жоюды және ақтауды сұраған», — делінген апелляциялық шағымда.
66 жастағы Небиюла Сағандықов (қылмыс жасаған уақыттағы жасы) пен 13 жасар (қылмыс жасалған уақыттағы жасы) оқушы қыздың арасындағы үлкен жас айырмашылығын және туыстық қатынастардың жоқтығына назар аударған сот алқасы олардың іс материалдарында көрсетілгеннен басқа себептермен байланысы болмағанын айтты.
«Бұл екеуінің арасындағы қарым-қатынас жақын сипатқа ие болғандығын көрсетеді. Өйткені, Сағындықов оқушы қызға өзінің суреттерін жіберуді сұрайды. Ал өз кезегінде жасөспірім оны сағынғандығын жазған. Және олар бірнеше рет хат-хабар алмасып, Петропавлда кездесулер ұйымдастырған. Сондай-ақ Сағындықов кәмелетке толмаған қызға бірнеше рет хабарламаларын неге өшіріп тастамағандығын жазған. Осылайша, ол өзінің оқушы қызбен байланысы барын жасырмақ болды», — делінген сот материалдарында.
Сот алқасы жәбірленушінің Небиюла Сағындықовпен кездескен бірде-бір жалдамалы пәтерді көрсете алмағандығына қатысты да пікірін білдірді. Кәмелетке толмаған қызды тиісті мекенжайларға Сағындықов ылғи өз көлігімен жеткізген. Сондықтан ол баспаналарды есте сақтамауы да мүмкін. Және белгілі аграрий оның 16 жасқа толмағандығын білмеді емес, білді. Себебі, оқушы қыз Сағындықовтармен бір ауылда көрші тұрған. Оның үстіне жасөспірімнің анасы жылда қызына Жаңа жылдық сыйлық алу үшін өзінің жұмыс берушісі, яғни Сағындықовқа оның жасы туралы мәліметті беріп отырған.
Сондықтан істі қараған облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы үкімінің күшін жою немесе өзгерту үшін негіздер жоқ деп есептейді.
«Солтүстік Қазақстан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2024 жылғы 25 қыркүйектегі сотталған Небиюла Сағандықовқа қатысты үкімі өзгеріссіз қалдырылсын. Қорғаушылардың апелляциялық шағымы қанағаттандырылмады», — деді облыстық соттың судьясы Нұрлан Нұралин.
Тағы оқыңыз: СҚО-да алдағы жазда тағы бір балалар лагері ашылады