Жол-көлік оқиғасы 14-желтоқсан күні таңғы сағат алты шамасында Астана – Петропавл автожолында болды. Чапаево мен Астраханка ауылдарының арасында «Volkswagen Passat» автокөлігі екі «Газельмен» соқтығысқанын Qazaqstan Media хабарлайды.

Алдымен жеңіл көлік бір «Газельге» соғылып, соққы салдарынан ол аударылып кеткен. Кейін артынан келе жатқан екінші «Газельді» соққан.

«Жол-көлік оқиғасы салдарынан 32 жастағы «Volkswagen Passat» жүргізушісі орталық аудандық ауруханаға жеткізілді. Аталған факті бойынша материал жиналып, оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін тергеу жүргізілуде», – деп хабарлады СҚО ПД баспасөз қызметі.

Жеңіл көлік жүргізушісі ауыр жарақат алған. Ал жүк көліктерінің жүргізушілері зардап шеккен жоқ. Үш көліктің ішінде жолаушылар болмаған.

Еске салайық, жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысының жолдарында 540-тан астам жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 47 адам қаза тапты, 710-нан астамы жарақат алды. Апаттардың әр бесіншісі республикалық маңызы бар трассаларда орын алған. Бұл жолдарда 26 адам қаза тауып, 170-тен астам адам зардап шеккен.

Тағы оқыңыз: СҚО-да мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі ашылды

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *