СҚО-да автогаз бағасы сегіз теңгеге қымбаттайды

1 шілдеден бастап Қазақстан бойынша сұйытылған газ бағасы өседі. Энергетика министрлігі «Ашық НҚА» порталында Қазақстанда сұйытылған мұнай газының бағасын біршама түзету бойынша бұйрық жобасын жариялады, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.

Бұйрықта газ бағасының қымбаттауының бірнеше себебі көрсетілген. Мысалы, көрші елдермен салыстырғанда сұйытылған газдың ең төменгі бағасы  Қазақстанда екен. Елімізде оның құны 54-86 теңге арасында болса, Ресейде бір литр газдың бағасы – 132 теңге, Әзірбайжанда – 171 теңге, Тәжікстанда – 273 теңге.

Газ құнының қымбаттауының тағы бір себебі жылдан жылға сұйытылған газ тұтынудың күрт өсуі. Министрлік мәліметінше, өткен жылдың өзінде Қазақстанда тұтыну 2022 жылмен салыстырғанда 400 мың тоннаға өскен. 2023 жылы сұйытылған мұнай газын тұтыну көлемі 2,2 млн тоннаны құрады.

«Бүгінгі таңда сұйытылған мұнай газының бағасы оны өндірудің өзіндік құнынан әлдеқайда төмен. Осылайша, СМГ өндірісінің өзіндік құны тоннасына 60 мыңнан 70 мың теңгеге дейін өзгереді. Ал өңдеуші зауыттар үшін қолданыстағы шекті көтерме баға тоннасына 40 320 теңгені құрайды. Яғни, өндірілген әрбір тонна газдан зауыттар 20-30 мың теңге жоғалтады», – делінген хабарламада.

Жоғарыда көрсетілген себептерге байланысты 1 шілдеден бастап сұйытылған мұнай газының шекті бөлшек сауда бағасы өңірлерге байланысты литріне 5-тен 8 теңгеге дейін қымбаттамақ.

Ең қымбат газ Алматы облысы мен Солтүстік Қазақстанда болады, мұнда баға сегіз теңгеге қымбаттап, 89 бен 94 теңге арасында тұрақтамақ. Бүгінде ең арзан газ Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау облыстарында. Литрі – 54 теңге. Енді ол шілдеден бастап 59 теңгеге дейін қымбаттайды. Ал шалғайдағы ауылдарда 64 теңге болмақ. Астана, ШҚО, Ақмола, Қостанай, Қарағанды облыстарында   автогаз 84-89 теңгеге дейін қымбаттайды. Осындай баға Жетісу мен Абай, Ұлытау өңірлерінде де болады. Түркістан мен Шымкентте, Қызылорда және БҚО-да газ 70-75 теңге арасында болады. Павлодарда 86 теңгеге дейін өссе, Жамбыл облысында 78-83 теңге арасында болады.

Тағы оқыңыз: Тайынша ауданында биыл жаңа мектеп қолданысқа беріледі

Please follow and like us:
Subscribe
Notify of
guest
0 комментариев
Inline Feedbacks
View all comments
0
Would love your thoughts, please comment.x
()
x