Солтүстік Қазақстанда ауыл азаматтарына дұрыс қызмет көрсетпей жүрген ауыл әкімдері жетерлік. Жергілікті жерде басшылар халыққа қажетті, қарапайым жағдайларды ұйымдастыра алмай келеді. Олардың жұмысы туралы бүгін Петропавлда өткен барлық деңгейдегі әкімдердің басы қосылған жиында айтылды, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.
Солтүстік Қазақстанда халықтың 51 % ауылды жерлерде тұрады. Басым бөлігі Айыртау, Тайынша және Ғ. Мүсірепов аудандарының тұрғындары. Елді-мекендердегі азаматтарға жақсы өмір сүру жағдайын жасау бойынша көрсетекіштер артқанымен, кейбір ауыл әкімдері өз міндеттерін дұрыс орындамай келеді екен. Облыс әкімінің орынбасары Қанат Дүзелбаевтың айтуынша, ауыл әкімі мемлекет, халық және бизнес арасын байланыстарын көпір болуы керек. Алайда, оны түсінбей жүрген басшылар бар. Мәселен, 2023 жылдың қорытындысы бойынша Мамлют, Ғ. Мүсірепов және Тайынша аудандарындағы кей ауыл әкімдерінің жұмысы көрінбейді.
«Облыс бойынша халық жағдайының жақсаруы мемлекеттік инвестициялар есебінен болғанын бәріміз түсінеміз. Аудандарда ауылдық округ әкімдерінің жұмысы әлсіз. Мысалы, Мамлют ауданының 504-917 адам тұратын 10 ауылдық округінде дәріхана, ТҚКС, мәдени ойын-сауық пен демалуға арналған саябақтар жоқ. Ал Леденево ауылында көшедегі спорт алаңы жоқ. Краснознаменное, Қызыләскер, Леденево, Новомихайловка, Афонькино ауылдық округтерінің орталықтарында шаштараз, киім жөндеу және тігу, электр тұрмыстық техниканы жөндеу сынды қарапайым қызметтер ұйымдастырылмаған», — деп атап өтті облыс әкімінің орынбасары.
Дәл осындай жағдай Тайынша ауданында да орын алып отыр. Ауыл тұрғындары үшін қарапайым өмір сүру жағдайы жасалмаған. Тоғыз ауыл округінің орталықтарында саябақ, демалыс орындары, дәріхана және қызмет көрсету нысандары ұйымдастырылмаған екен. Ол Қарағаш, Донецкое, Ясная Поляна, Зеленый Гай, Келлеровка, Красная Поляна және т.б ауылдар. Бұл елді мекендердің кейбірінде екі мыңнана астам адам тұрады.
«Бұл жағдай ауылдық округ әкімдерінің жоспарларының жоқтығын көрсетеді. Олар әлеуметтік нысандар мен инфрақұрылымдар бойынша өңірлік стандарттар жүйесіне сәйкестендіру жөнінде жұмыстарды атқармай келеді. Әлеуметтік қызметтерді жергілікті бизнестің жұмысын үйлестіру арқылы ұсынуға болады», — деді өз баяндамасында Қанат Дүзелбаев.
Тағы оқыңыз: СҚО-да әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық фактісі өскен