Солтүстік Қазақстан облысы тексеру комиссиясының кезекті отырысы өтті. Аудиторлар Ақжар ауданында тексеріс жүргізіп, мемлекеттік сатып алу сайтында жарияланған бір лотты көріп таң қалған. Мұнда аудандық ТҮКШ бөлімі 1,8 қазандық сатып алуға өтінім берген, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.
Былтыр Ақжар ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі 14,1 млн теңгеге екі қазандық сатып алған. Ал кейін мемлекеттік сатып алу сайты арқылы тағы 12,7 млн теңгеге 1,8 қазандық алуға өтініш қалдырған. Сонда аудандық ТҮКШ бөлімінің тұтас екі қазандық сатып алуға ақшасы жетпей қалған ба? Әлде, мәселе басқада ма? Мұндай сұрақтар облыстық тексеру комиссиясының мүшелерінде де туындады.
«Бір қазандық емес, екі қазандық емес 1,8 қазандық дегеніміз ол қалай? Бір жарым қазандық алынды десе де түсінер едік. Осы мәселені түсіндіріп бере аласыз ба?», — деді СҚО тексеру комиссиясының мүшесі Тимур Тұрсынов.
Сұрақтарға Ақжар ауданының тұрғын үй- коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Шынар Әнуарбекова жауап берді. Ол бұл қызметке 2024 жылдың соңында тағайындалған екен.
«Негізі біз екі қазандық сатып алдық. Бірақ мемлекеттік сатып алу сайтында неге 1,8 деп көрсетілгені түсініксіз. Бұл қазандықтарды пайдаланып жатқан жоқпыз. Олар осыған дейін алған екі қазандық істен шықса, пайдалануға алынған. Қателік жіберген мемлекеттік қызметші жазаланды. Одан бөлек, мамандарымызды арнай курстарға жіберіп, оқытып жатырмыз», — деді Шынар Әнуарбекова.
Тағы бөлім басшысының міндетін атқарушы мұндай олқылықтарға кадр тапшылығы әсер етті дейді. Қазірдің өзінде мұнда бөлім басшысы мен бас есепшінің орны бос тұр.
Тағы оқыңыз: Солтүстікқазақстандық 3642 түлек мектеппен қоштасты