Петропавлда Ауған жерінен Кеңес әскерлерінің шыққан күніне орай тағы бір жиын өтті. Оған өзге елде ұрыс даласында болған жерлестеріміз, студенттер мен жастар қатысты, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.
Осыдан 36 жыл бұрын Ауған жеріне соғысқа жіберілген азаматтарымыз елге орала бастады. Әскер қатарына шақырылып, кейін Ауғанға жөнелтілген әскерилердің қатарында аққайыңдық Серік Әбілов те бар. Ол 18 жасында сарбаз атанып, сосын соғысқа аттаныпты. Қазір дене шынықтыру пәнінен сабақ береді.
«Алғашында Ауғанға жібереді деп ойлаған жоқпын. 30 жылдан астам уақыт өтті. Әрине еске алу қиын, ұмыту да қиын. Біз Ауған жерінде болған ардагерлер әрдайым бір-бірімізбен хабарласып отырамыз. Қазір жастарға дене шынықтырудан сабақ беремін. Олардың шымыр, физикалық тұрғыда дайын болғанын, спортқа жақын болғанын қалаймын», — дейді Серік Әбілов.
Ауған жерінен Кеңес әскерінің шығарылу күніне жыл сайын түрлі шаралар өткізіледі. Солардың бірін өңірлік дене шынықтыру және АӘД әдістемелік орталығы ұйымдастырады. Биыл да олар студенттер мен оқушылар арасында алғашқы әскери дайындықтан спартакиада өткізген.
«Біз осыдан бір ай бұрын колледж студенттері, мемлекеттік мекеме және мектептер арасында сайыс өткіздік. Онда командалар жеті түрлі сыннан бақтарын сынады. Оған қоса бүгінгі күні бала тәрбиесімен айналысып жүрген Ауған ардагерлерін арнайы шақырттық. Оларға алғыс хаттар, білім басқармасы атынан сыйлығымызды береміз», — деді орталық басшысы Қанат Сәдуақас.
Салтанатты шара барысында жастар Ауған соғысы ардагерлеріне алғыстарын айтса, аға буын өкілдері естеліктерімен бөлісті.
Естеріңізге сала кетейік, биыл Ауған соғысының ардагерлері 138 мың теңгеге жуық бір реттік жәрдемақы алады. Қаражат жергілікті бюджеттен бөлініп отыр.
Тағы оқыңыз: Тайынша ауданында өрттен зардап шеккен отбасына барлық көмек көрсетіледі