Солтүстік Қазақстанда анасын ұрып өлтірді деп айыпталып отырған ер адамға қатысты сот отырысы басталды. 59 жастағы азамат кейуананы үнемі соққыға жығып, зейнетақысын алып отырған. Процеске Qazaqstan Media тілшісі де қатысып қайтты.
Қаза тапқан Любовь Бондарьды тайыншалықтар жақсы біледі. Ол мұндағы мектепте өмір бойы мұғалім болып еңбек еткен. Орыс тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берген Любовь Ивановна талай дарынды шәкірт тәрбиелеген. Жар дегенде жалғыз баласы Юрий үшін ештеңені аямаған. Бар жылы-жұмсағын ұлының алдына тосатын. Оны сот отырысына қатысқан марқұмның бұрынғы әріптесі айтты.
Өлімші етіп сабап тастаған
«Любовь Ивановна менен бірнеше жасқа үлкен болса да, біздер құрбылар сияқты сырласатынбыз. Ал соңғы кездері тіптен жақсы араластық. Ол маған үй ішінде не болып жатқандығын айтпайтын. Бірақ мен Юрийдің жұмыс істемейтіндігін және ішімдік ішетіндігін білетінмін. Ақшаны үнемі анасынан алып отыратын. Және ұлы оны ұрады дегенді естігенде сенбейтінмін. Алғаш рет былтыр қыркүйек айында ол анасын өлімші етіп сабап тастағанда ғана көзім жетті. Бірақ ол бауыр еті баласын кешірді. Кейін дәл осындай жағдай жыл басында, нақтырақ айтсам, ақпан айында қайталанды. Сол кезде Юрий оны ұрып, алдыңғы тістерін сындырып тастаған», — деп еске алады Зоя Подсухина.
Биыл шілде айында Юрий анасын тағы ұрып, қария біраз ауруханада жатқан. Сол кезде оның үстінен ҚР ҚК 108 бабы (Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру) бойынша қылмыстық іс қозғалыпты. Алайда іс сотқа дейін жетпеген. Өйткені, Любовь Бондарь баласын кешіріп, арызын қайтарып алған. Ал ауруханадан шыққан соң оны Зоя Подсухина үйіне алып кеткен.
«Ол менің үйімде бір жұма жатты. Барлық денесі көгерген. Қарт адам ғой, жаралары ұзақ уақыт жазылмады. Сол кезде полицейлер Юрийге анасына жақындауға тыйым салған болатын. Бірақ баласы бір күні менің үйіме келді. Анасы байғұс одан қорқып, тығылып қалды. Бірақ қанша жерден жаман болса да баласы ғой, сондықтан Любовь Ивановна алаңдайтын», — деп толықтырды куәгер.
Сол күні оны барлығы туған күнімен құттықтап жатты
Осы оқиғадан кейін ана мен бала екі бөлек тұрса да, Любовь Бондарьдың денесі баласы тұрып жатқан үйден табылған. Сол күні, яғни тамыздың 9-ы қария 82 жасқа толған екен.
«Сол күні барлығы WhatsApp-та Любовь Ивановнаны құттықтап жатты. Бір кезде маған ол кісі қайтыс болды деген қаралы хабар келді. Мен сенбедім. Сосын учаскелік инспекторға хабарластым», — деді Зоя Подсухина.
Сағат таңғы ондар шамасында хабар алған учаскелік инспектор Юрий Бондарьдың үйіне барған.
«Жолда Юрий Бондарьдың қызы Валентинаны кездестірдік. Ол да сол жерге бара жатыр екен. Үйге кіріп, төсекте жатқан Любовь Ивановнаны көрдік. Беті ісіп кеткен. Желке тұсында қан ұйып қалған. Сосын мен бұл туралы тергеушілерге хабарладым», — деді учаскелік инспектор Ерлан Исмаилов.
Үйде Юрий Бондарь да болған. Бірақ ол оқиғаның қалай болғандығын түсіндіріп айта алмаған. Куәгерлердің сөзінше ол сол күні ішімдік ішпеген. Сот-медициналық сараптама қорытындысы оның қылмыс жасаған уақытта ақыл-есі дұрыс екендігін көрсетті. Бірақ сот отырысы барысында айыпталушының қорғаушысы оның психикалық ауытқуы бар екендігін дәлелдемек болды. Тіпті, келесі процеске арнайы мамандарды шақыруды талап етті. Алайда судья оның бұл арызын қанағаттандырмады.
Тағы оқыңыз: СҚО-да үш күн ішінде мыңнан астам адам жол ережесін бұзған