СҚО-да жылдамдық режимін бұзуды тіркейтін жаңа аппараттық-бағдарламалық кешен іске қосылды. Бұл — автокөліктердің орташа жылдамдығын автоматты түрде есептейтін алғашқы жүйе, деп хабарлайды Qazaqstan Media
Енді жүргізушілер камера көрінетін аумақта ғана жылдамдықты азайтып, техниканы «алдау» мүмкіндігінен айырылды. Кешен орташа жылдамдықты есептейді. Егер ол рұқсат етілген 100 км/сағ асып кетсе, жүргізушіге қатысты айыппұл салынады.
Камералар республикалық маңызы бар «Жезқазған — Петропавл» трассасының Покровка мен Николаевка ауылдары арасындағы 41 шақырымдық бөлігінде орнатылды. Бұл — СҚО-дағы ең апатты жол учаскелерінің бірі. Алдағы уақытта аталмыш жол бөлігін осындай қондырғылармен толық қамту жоспарлануда.
2025 жылы облыстағы республикалық маңызы бар автожолдарда 117 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Өкінішке қарай, 26 адам қаза тауып, 200 адам жарақат алды. Өңірдегі жол-көлік оқиғаларынан болатын әрбір екінші өлім республикалық трассаларда орын алады.
«Жылдамдық режимін бұзу — жол апаттарының негізгі себептерінің бірі. Жаңа жылдамдық өлшегіштің орнатылуы өңірдегі қайғылы оқиғалардың алдын алып, жағымсыз статистикаларды азайтады деп сенеміз», — СҚО ПД бастығының орынбасары Марат Жұмалиев.
Тағы оқыңыз: «Қызылжар» ФК 2026-дағы алғашқы ойынында жеңіліс тапты

