СҚО-да полиция қызметкерлері интернет-кеңістікке мониторинг жүргізу барысында діни алауыздықты қоздыру белгілері бар материалды анықтаған. Оны Есіл ауданының тұрғыны жариялапты. Қазір аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.
Тергеу барысында мән-жайды анықтау үшін аудан орталығының тұрғыны полиция бөліміне жеткізілді. Тәртіп сақшылары ер адамның телефонын сұраған.
«Полиция қызметкерлері оның ұялы телефонын тексермек болған. Алайда жергілікті тұрғын олардың заңды талабын елемей, құрылғыны сындырмақ болды. Полицейлер оның бұл әрекетін тоқтатты», — деп көрсетілген облыстық ПД баспасөз қызметі ұсынған ақпаратта.
Бірақ осы кезде ер адам полиция қызметкерлерінің бірінің бетіне соққы жасап үлгерген. Күдікті ұсталды.
«Оған қатысты алауыздықты қоздыру және билік өкіліне күш көрсету фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Денсаулыққа келтірілген зиянның дәрежесін сараптама көрсетеді», — дейді СҚО ПД бастығының орынбасары Асқар Мұхаметқалиев.
Тағы оқыңыз: СҚО-да адам өлтірді деп айыпталған жасөспірімдер ақталды – алқабилер шешімі