Солтүстік Қазақстан облысында дәнді дақылдарды жинау аяқталды. Ал, майлы дақылдардың жиым-терімі аяқталуға жақын. Алғаш рет облыста 1,2 млн тоннадан астам майлы дақылдың рекордтық өнімі алынды, деп жазады, Qazastan Media.
СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Үкімет отырысында өңірдегі дәнді және дәнді-бұршақты дақылдарды жинау науқанының аяқталғанын хабарлады. Ол биыл 3 млн га алқаптан 6,5 млн тонна астық жиналғанын атап өтті, деп хабарлайды. Өңір алқаптарындағы орташа өнімділік гектарынан 21,4 ц/га құрады. Бұл – елдегі астықты өңірлер арасындағы ең жоғары көрсеткіш. Майлы дақылдарды жинау жұмысы аяқталуға жақын. Бүгінгі күні 966,1 мың гектар алқаптағы өнім алынған. Алғаш рет 1,2 млн тоннадан астам майлы дақылдың рекордтық өнімі алынды. Орташа өнімділік гектарынан 12 центнерді құрады.
«Бұл жетістіктерге Үкімет қолдауының нәтижесінде қол жеткізіп отырмыз. Агротехникалық шаралар кешенін уақытылы жеңілдетіп, қаржыландырудың арқасында, облыс диқандары 161 млрд теңге рекордтық қаражат алды. Өнімділікті арттыру мақсатында 340 мың тонна минералды тыңайтқыш сатып алынды. Бұл – елдегі ең жоғары көрсеткіш. 52,5 мың тонна элиталық тұқым себіліп, сорт жаңарту деңгейі 11,2%-ға жетті.», — деді Ғауез Нұрмұхамбетов.
Өңірде сыйымдылығы жеті млн тонна болатын астық қоймалары бар. Бүгінде олардың жүктелімі 54%-ды құрайды. Жаңа өнімнен 2 млн тонна астық қабылданды. Астық тасымалдау жұмыстары жалғасуда.
Тағы оқыңыз: Қазақстандық диқандар рекордтық өнім жинады

