Солтүстік Қазақстан облысында ұялы байланыс операторы алаяқтарға көмек көрсеткен болып шықты. Оның әрекетсіздігі жәбірленушінің ақшасын ұрлауға себеп болған, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.
Алаяқтар көбіне тіркелмеген абоненттік нөмірден қоңырау шалып, арам ойларын жүзеге асырады. Олар қашықтан жұмыс істейді. Бұл «Байланыс туралы» заңға қайшы келеді.
«Қылмыстық істі тергеу барысында алаяқтар Қазақстанның нөмірлеу жүйесі мен тәртібіне сәйкес тіркелмеген абоненттік нөмір арқылы жәбірленушімен байланысқа шыққан. Абоненттік нөмір ұялы байланыс құрылғыларының идентификациялық кодтарының дерекқорына енгізілмегені де анықталды. Нөмірдің тіркелмегендігі ұялы байланыс операторының сұрауына берілген жауабы және дерекқордан алынған мәліметтермен расталады»,-деп нақтылады облыстық прокуратурада.
Ұялы байланыс операторының әрекетсіздігінен жәбірленушінің ақшасы ұрланған. Облыс прокуратурасы аталмыш маманға қатысты әкімшілік хаттама толтырылды. Ұялы байланыс операторы байланыс қызметін көрсету ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
«Осыған ұқсас әдіс арқылы зардап шеккен азаматтардың құқықтарын қорғау бұрын мемлекетімізде қолданылмаған. Осылайша, ұялы байланыс операторларының әрекетсіздігі салдарынан алданған азаматтардың мүліктік шығындарын өтеуге мүмкіндік беретін қосымша құқықтық механизм құрылатын болады», -деп толықтырды құзырлы орган мамандары.
Тағы оқыңыз: СҚО полицейлері былтыр іздеуде жүрген 37 қылмыскерді анықтады