Солтүстік Қазақстан облысында жаңа 2025–2026 оқу жылы қарсаңында 8500-ден астам оқушы «Жалпыға бірдей білім беру» қоры аясында әлеуметтік қолдауға ие болады. Қазақстан бойынша 500 мыңнана астьам оқушыға аталмыш көмек көрсетіледі. Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрлігі хабарлады, деп жазады Qazaqstan Media.
Әлеуметтік көмек жетім, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға, аз қамтылған және атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардағы оқушыларға көрсетіледі. Сонымен қатар, өмірлік қиын жағдайға тап болған балалар да назардан тыс қалмайды.
Көмек ақшалай түрде ата-аналардың есепшоттарына аударылады. Бұл мектеп формасы, аяқ киім және кеңсе тауарларын өздігінен сатып алуға мүмкіндік береді. 2025 жылы бір балаға бөлінетін ең төменгі сома – 46 228 теңге.
ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрайымы Насымжан Оспанова бұл бастаманың ел көлемінде бірдей жүргізіліп жатқанын айтты.
«Оқу-ағарту министрлігі әлеуметтік осал санаттағы балаларға көмек көрсету бойынша ашық әрі ыңғайлы тетік қалыптастырды. Бұл қолдау шарасы бүгінде барлық өңірде іске асырылуда», – деді ол.
Айта кетейік, 2025 жылы жалпы еліміз бойынша 500 мыңнан астам оқушы «Жалпыға бірдей білім беру» қоры аясында қолдауға ие болады.
Тағы оқыңыз: СҚО-да аудандық әкімдіктер мамандарды Петропавлда өткен бос жұмыс орындары жәрмеңкесінен іздеуде