Солтүстікқазақстандық полицейлер такси және автобус жүргізушілерін тексеріп, жолдарда рейдтер өткізуде. Мұның бәрі республикалық «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық шарасы аясында жасалып жатыр, деп жазады Qazaqstan Media.
«Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық шарасы аясында өңір полицейлері такси және автобус жүргізушілерін ерекше бақылауға алған. Себебі, заңсыз жолаушы тасымалдау фактілері жиі тіркелуде.

«Мысалы, Петропавл қаласының Бөкетов көшесінде 35 жастағы Toyota Camry жүргізушісі мобильді қосымша арқылы жолаушы тасымалдаған. Оның қажетті тіркеусіз қызмет көрсеткені анықталды. Заңсыз кәсіпкерлік қызмет жасағаны үшін оған әкімшілік хаттама толтырылды. Бұл құқық бұзушылық үшін жеке тұлғаларға 15 АЕК мөлшерінде айыппұл қарастырылған. Жыл басынан бері осы бап бойынша 60-тан астам жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды», — деп хабарлады СҚО ПД баспасөз қызметі.
Айта кетейік, жыл басынан бері облыс жолдарында 143 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, жеті адам қаза тапты. 200 адам түрлі жарақаттар алған.
Тағы оқыңыз: СҚО-да үш жасар бала терезеден құлап, бас-ми жарақатын алды: құтқарушылар алаңдаулы