Емханалардағы кезектер, ауруханалардағы толған палаталар, мектептердегі қашықтан оқыту. Солтүстік Қазақстан облысында ЖРВИ-мен ауыратындардың саны өсіп келеді. Қазіргі таңдағы басты қорқыныш— Гонконг тұмауы, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Апта ішінде өңірде дәрігерлер жедел респираторлық вирустық инфекцияның 4397 жағдайын тіркеді. Эпидмаусым басталғалы бері A/H3N2 типті, Гонконг тұмауы деп аталатын тұмаудың 45 жағдайы анықталды.
«Облыста тұмау емес вирустар да айналымда жүр. Тоғыз риновирус және екі аденовирус жағдайы да тіркелді», — дейді эпидемиологтар.
Сонымен қатар дәрігерлер жаңа эпидмаусымда ЖРВИ бойынша тіркелген жағдайлардың шамамен 26 пайызға азайғанын атап өтеді. Бүгінге дейін облыста 18 мыңнан астам адам аталған аурумен ауырған. Ал өткен жылы бұл статистика 25 130-ды құраған болатын. Ауырғандардың басым бөлігі — балалар,
«ЖРВИ мен тұмаудың негізгі белгілері — жоғары температура, жалпы интоксикация, әлсіздік, күйзеліс, тамақтың ауыруы, мұрынның бітелуі», — дейді дәрігерлер.
Мамандар өзін-өзі емдеумен айналыспауға кеңес береді. Әсіресе диагноз нақты қойылмай тұрып антибиотиктер мен басқа да дәрілерді қабылдауға болмайды. Бұл сауығу процесін баяулатып, асқынуларға әкелуі мүмкін.
Сондай-ақ, ЖРВИ белгілері бар балаларды мектепке немесе балабақшаға жібермеу қажет. Қазір облыста бірнеше сынып қашықтан оқуға жіберілген. Дәрігерлердің айтуынша, вакцинация жоспары 100 % орындалған. Қауіп тобына жататын азаматтарға 60 мың екпе қойылды.
Тағы оқыңыз: СҚО-да кей мектептер қашықтықтан оқытуға көшті

