Маусымның 13 мен 17-сі аралығында Солтүстік Қазақстанның кей аудандарында ауа температурасы +35 гардусқа дейін көтеріледі. Осыған орай төтенше жағдайлар департаменті орман және дала өртінен сақ болуға шақырады, деп жазады Qazaqstan Media.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті таратқан хабарламаға сенсек, алдағы күндері облыста күн ыстық болады. Күндіз ауа температурасы +25, +30 градус болады деп болжанып отыр. Ал облыстың батысында, солтүстігінде термометр көрсеткіші +35 градусқа дейін көтерілмек. Осыған байланысты орман және дала өрті болуының қаупі жоғары.
«Солтүстік Қазақстан облысының төтенше жағдайлар департаменті тұрғындардың қалыпты жұмыс істеуін қамтамасыз ету және төтенше жағдайлардың алдын алу үшін шаралар қабылдауға кеңес береді. Орман және дала өртінің пайда болуын болдырмау үшін өрт қауіпсіздігінің бірқатар ережелерін сақтау қажет. Жалпы табиғи өрттер негізінен адамның жұмыс және демалыс кезінде отты пайдаланудағы немқұрайлылығынан болады. Өрт табиғат аясында демалу орындарында, аң аулау кезінде, лақтырылған сіріңкеден, сөндірілмеген темекіден жиі шығады. Сондықтан егер от жағу аса қажет болса, топырақты құрғақ шөптерден, бұтақтардан оңай тазартатын орынды таңдаңыз. Пайдаланып болғаннан кейін жалын топырақпен мұқият жабылуы керек немесе бықсуы толығымен тоқтағанша су құйылуы керек. Құрғақ және желді ауа-райында от жағуға болмайды. Жанып тұрған сіріңкелерді, сөндірілмеген темекі тұқылдарын тастамаңыз», — деп ескертеді төтенше жағдайлар департаментің қоғаммен байланыс тобы.
Тағы оқыңыз: Мектеп аттестатын цифрлы түрде алуға болады