Маусымның 7-сі және 9-ы аралығында облыс аумағында «Жасөспірім» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтті. Тәртіп сақшылары көшелерде, көңіл көтеру орындарында және жастар жиналуы мүмкін жерлерде рейдтік іс-шаралар жүргізді. Нәтижесінде 7 жасөспірім есепке алынды, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
3 күн ішінде түнгі уақытта қала көшелерінде, дәмханаларда және қоғамдық орындарда заңды өкілінің қарауынсыз жүрген 125 жасөспірім анықталды. Барлық жағдайда ата-аналар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ, іс-шара кезінде із-түссіз жоғалған 17 жастағы жасөспірім табылды. Ол қала көшелерінде қаңғыбастықпен айналысқан.
«Іс-шараның басты мақсаты – жасөспірімдер қылмысының алдын алу, кәмелетке толмағандардың құқықтық сауаттылығын арттыру, сондай-ақ балаларға қатысты қылмыстық қол сұғушылықтың алдын алу болып табылады. Рейд барысында кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылықтарды болдырмауға, сонымен қатар жасөспірімдердің заңды өкілдерінсіз түнгі уақытта жүрмеуіне баса назар аударылды»,-дейді Петропавл қ ПБ ювеналдық полиция бөлімшесінің инспекторы Бөгенбай Айтжан.
Бұдан бөлек, іс-шара кезінде 7 жасөспірім, 23 қолайсыз отбасы анықталып, есепке қойылды. Кәмелетке толмаған балаларын тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін орындамаған 28 заңды өкіл әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Тағы оқыңыз: СҚО-да заңсыз марал ату фактісі тіркелді