Солтүстікқазақстандық полицейлер 200 тонна астық ұрлаған пысықайларды қолға түсірді. Олар шаруашылыққа 32 миллион теңге шығын келтірген, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Оқиға Тимирязев ауданындағы шаруашылықтардың бірінде болған. Аталған серіктестік аумағынан салмағы 200 тоннадан асатын күнбағыс, зығыр және бидай ұрланған. Ауыл шаруашылығы өнімдері 2024 жылғы мамыр айының соңында және маусым айының басында түнгі уақытта тіркемесі бар «КамАЗ» жүк көліктерімен шығарылған. Шығын 32 миллион теңгеге жуықтады.
«СҚО ПД криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері аудандық полиция бөліміндегі әріптестерімен бірлесіп, жүк көліктерінің жүргізушілері мен 1982, 1985 жылдары туған екі күдіктіні, сондай-ақ көршілес Қостанай облысындағы сатып алушыларды анықтады. Қазіргі уақытта ҚР ҚК 188-бабының 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Барлық автокөліктер тәркіленіп алынды», — дейді СҚО ПД бастығының орынбасары Асқар Мұхаметқалиев.
Күдіктілердің кінәсі дәлелденсе, олардың мүлкі тәркіленіп, он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін.