СҚО-да басшылық қызметте отырған нәзікжандылардың үлесі 20 пайыз ғана. Бұл олқылықтың орнын толтыру мақсатында «AMANAT» партиясының облыстық филиалының бастамасымен кеңес өтті, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, Солтүстік Қазақстан облысында 522 мыңнан астам адам тұрады. Оның 51 пайызы — әйелдер. СҚО-да басшылық қызметте отырған нәзікжандылардың үлесі 20 пайыз ғана. Бұл олқылықтың орнын толтыру мақсатында «AMANAT»партиясының облыстық филиалының бастамасымен кеңес өтті. Маңызды шараға облыстық мәслихат депутаттары мен белсенді азаматшалар қатысты.

«Мәселен, Сенат пен Мәжілісте 160-қа жуық депутат бар. Оның 26-сы ғана — әйел. Көпке топырайық шақпайық, өзіміздің облыстық, қалалық және аудандық мәслихаттағы халық қалаулыларының 25 пайызы ғана — нәзікжандылар. Бірақ, біздің партиядағы әйелдердің үлесі 71 пайызды құрайды. Бұл бағытта бастауыш ұйым ауқымды жұмыс атқаруда», — деді «AMANAT» партиясы СҚОФ әйелдер қанатының төрайымы Әсел Есжанова.
Әсел Есжанованың сөзінде жан бар. Осы ретте тағы бір статистиканы жария етсек. 2023 жылы елімізде «Аудан әкімдерін сайлау» шарасы өтті. Науқанда бағын сынаған 250 адамның жетеуі ғана әйел болды.
Облыста мемлекеттік қызметте еңбек ететін нәзікжандылардың саны 1500-ге жуықтайды. Бір қуантарлығы, соңғы жылдары статистика еселеп артуда. Аймақта кәсіпкерлікпен айналысам дейтін нәзікжандыларға ерекше қолдау көрсетілуде. Биыл іскер азаматшаларға мемлекет тарапынан 863 млн теңге қайтарымсыз грант берілген.

«Облыста әйелдердің экономикалық белсенділігі тұрақты өсім көрсетуде. Республикалық деңгейде өңір мүддесін Сенат депутаттары Әсем Рахметова мен Ольга Перепечина қорғап жүр. Азаматшалардың көшбасшылығын арттыру мақсатында 400-ден астам шара өткіздік. Оның барлығы жергілікті телеарналарда көрсетілді. Гендерлік тепе-теңдік — бұл әділдік қана емес, берік отбасы мен табысты экономиканың қайнар көзі», — деді «AMANAT» партиясы СҚОФ атқарушы хатшысы Жеңіс Асанов.
Жуырда Мемлекет басшысының қатысуымен өткен форумда сөз сөйлеген Вагулин ауылдық округінің әкімі Ирина Шишкина гендерлік тепе-теңдікті қос-қолдап қолдайды. Ол кеңесте әйел адамның қолынан бәрі келетінін, кез келген жұмысқа ебі бар екенін жеткізді. «Тек мемлекет тарапынан тұрақты қолдау көрсетілсе, нұр үстіне нұр болар еді», — дейді.
«Мен Вагулин ауылдық округінде туып-өстім. Елді мекендер маған жақсы таныс. Мен оларды дамытқым келеді. Бұл қызметке сайланғаныма 4 жылдан асты. Осы уақыт ішінде ондаған шақырым жол жөнделіп, ауылдарға таза ауыз су тартылды. Шыны керек, әйелдер басшылық қызметте еңбек етуге қорқады, алға ұмтылмайды. Бұл — мүлдем қате түсінік», — Вагулин ауылдық округінің әкімі Ирина Шишкина.
Алқалы жиында нәзікжандыларға партия мүшелері біршама мағлұмат айтты. Мәселен, елімізде 2022 жылдан бері қыз-келіншектерді шыңдауға арналған «Томирис» жобасы жүзеге асуда. Мамандардың сөзінше, бағдарлама аясында оқыту курсынан өткен жандардың өмірі түбегейлі өзгереді.
Тағы оқыңыз: 2026 жылдан бастап мобильді аударымдарға бақылау күшейеді.

