Бүгін елімізде сайланған аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округ әкімдерінің біліктілігін арттыру бағдарламасы ашылды. Оқу онлайн және оффлайн түрде жүргізілетін болады. Біздің өңірде 130 ауыл және аудан әкімі біліктілігін арттырады, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.
Әкімдердің біліктілігін арттыру бағдарламасы 17-ші ақпанда республика бойынша ашылды. Оған Президент Әкімшілігі, саяси партиялар өкілдері, өңірлердегі аудан және ауыл әкімдері қашықтан қатысты.
Бұл жоба президенттің тікелей тапсырмасы аясында жүзеге асырылып отыр. Оған үкімет пен мемлекеттік қызмет істері агенттігі жауапты.
«Cаяси партиялар ауыл әкімдерін сайлау кезінде өздері ұсынатын кандидаттардың тұлғалық жауапкершілігі мен кәсіби даярлығына назар аударғаны жөн. «Адал Азамат» идеалдарына сай, шынайы мақсаты ел игілігіне әділ қызмет етуді көздейтін адамдардың жұмысынан қашанда оң нәтиже күтуге болады», — деді мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаев.
Әкімдердің кәсіби біліктілігін арттыру 17 модуль арқылы жүргізіледі.
— жергілікті бюджетті тиімді пайдалану;
— мемлекеттік сатып алулар мен салықтар;
— коммуналдық меншікті басқару, экология мен қоршаған ортаны қорғау;
— кәсіпкерлікті дамыту және мемлекеттік қолдау, аймаққа инвестиция тарту;
— мемлекеттік басқарудағы цифрлық технологиялар, жасанды интеллект құралдарын қолдану;
— қабылданған шешімдердің сәттілігіне әсер етуі мүмкін тәуекелдерді басқару, тиімді коммуникациялар және өзге дағдыларды дамытуды көздейді.
Оқыту 240 академиялық сағатты құрайды. Онлайн және оффлайн түрде де өткізіледі. Бағдарламада практикалық жаттығулар, интерактивті пікірталастар, тренингтер, экономика, мемлекеттік басқару, құқықтану салалары бойынша сарапшылармен кездесу болады. Бұдан өзге практикалық кейстер және оларды тиімді шешу жолдары қаралатын болады. Біздің өңірде 130 әкімнің біліктілігін арттыру жоспарланған.
«Облыста оқу бағдарламасына қатысатындардан төрт топ құрылды. Оқу өткізілетін орындар анықталды. Ол С. Мұқанов атындағы облыстық кітапхана, қалалық маслихат және мемлекеттік басқару академиясының облыстық филиалы. 100 академиялық сағат біздің экономикалық менеджмент мектебінің оқытушылары өткізеді. 140 сағатты мемлекеттік басқару академиясының СҚОФ тренерлері береді», — дейді Президент жанындағы мемлекеттік басқару академиясының СҚОФ бойынша филиалы директоры Лаура Қайыржанова.
Оқытудың қорытындысына сәйкес әкімдер өңірлерді экономикалық дамытуға қатысты жобаларын қорғайды.
Тағы оқыңыз: Әйелдерге рақымшылық жасау: ІІМ ұсынысты қолдап отыр